Төтенше жағдай кезінде 7 тауар түрін экспорттауға тыйым салдық – министр

15 Қыркүйек 2020, 10:43
1472
Бөлісу:
Төтенше жағдай кезінде 7 тауар түрін экспорттауға тыйым салдық –  министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов төтенше жағдай кезінде 7 тауар түрін (қарақұмық, қант, картоп, пияз (сарымсақ), күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы) экспорттауға тыйым салынғанын айтты.

Бағаларды тұрақтандыру үшін сауда және интеграция, ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режимі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағалар белгіленді.

Сонымен қатар, министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салынды. Биылғы жылдың 22 наурызынан бастап төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде 7 тауарды экспорттауға, сондай-ақ тауарларды ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды, - дейді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілген.

Жергілікті атқарушы органдар «айналым схемасы», форвардтық сатып алу және «тұрақтандыру қорларын қалыптастыру» сияқты құралдарды пайдаланады. Тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна азық-түлік қалыптасқан және 21,6 мың тонна жеткізуге форвардтық шарттар жасалған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру міндеттемесімен «айналым схемасына» жергілікті бюджеттерден 14,2 млрд теңге бөлінді. Бұл нарықтық механизм қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Алматы қаласына басқа өңірлермен салыстырғанда қомақты қаражат бөлінді, - дейді министр.
Оның айтуынша, соның нәтижесінде шаһарда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі 2,2%-ды құраған. 

Бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында «айналым схемасына» қаражат бөлінген жоқ. Соған байланысты аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі тиісінше 6,1% және 5,7%-ті құрады. Бағаны тұрақтандырудың маңызды құралдарының бірі монополияға қарсы реттеу шаралары болып табылады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті ішкі нарыққа сөз байласу мәніне тұрақты мониторинг жүргізеді.
Осылайша, биылғы жылы азық-түлік, жеміс-көкөніс пен ет өнімдерін өндіру және сату бойынша нарық субъектілеріне 293 хабарлама жіберіліп, сондай-ақ 13 тергеу жүргізілді, - дейді Бақыт Сұлтанов.

Өзгелердің жаңалығы