Төтенше жағдай: Қарағандыда сауда үйлері уақытша жабық

20 Наурыз 2020, 03:40
1573
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Қарағандыда сауда үйлері уақытша жабық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда облыс аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу үшін сауда-ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда үйлері қызметін 20 наурыздан бастап уақытша тоқтатады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қызметі тоқтаған жағдайдағы проблемаларды шешу қарастырылып жатыр.

Азық-түлік емес тауарлар бутиктері сатуды тоқтатады, сондай-ақ бұл шектеу азық-түлік емес базарларға қатысты болады. Сауда үйлерінің ғимараттарында орналасқан дәріханалар мен супермаркеттерге шектеу қойылмайды, бірақ олар қысқартылған жұмыс күніне өтеді: 10.00-ден 20.00-ге дейін. Осыған ұқсас жұмыс шарттары азық-түлік базарлары үшін де белгіленген.

Облыстың санитарлық бас дәрігері "коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу шаралары туралы" қаулысына қол қойды. Қала және аудан әкімдеріне медициналық ұйымдарда, қарттар мен балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында және басқа да мекемелерде толық карантин мен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді қамтамасыз ету ұйғарылды.


Облыста кинотеатрлар, түнгі клубтар, тренажер және фитнес-орталықтар, балалар даму орталықтары мен қосымша білім беру ұйымдары уақытша жабылды. Ірі сауда орталықтарының қызметі де тоқтатылады. Сонымен қатар, санитарлық талаптар күшейтілді. Әр тәулік сайын объектіге іргелес аумақты дезинфекциялау қажет. Барлық сауда үйлерінде қолды антисептиктермен өңдеуге арналған аппараттарды орнату міндеттелді. Әрбір сатып алушыдан кейін арбаларды және себеттерді дезинфекциялау қажет. Едендерді, лифттерді, эскалаторлардың тұтқаларын, үстелдер мен орындықтарды дезқұралдармен әрбір үш сағат сайын өңдеу қажет.


Сауда орталықтарының қызметкерлері маскалармен және бір рет қолданылатын қолғаптармен қамтамасыз етілуі тиіс. Кезекте бес адамнан артық жиналуына жол берілмейді, ал сатып алушылар бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта болуы тиіс.

Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді буып-түюсіз сатуға рұқсат етілмейді. Тамақ өнімдері, көкөністер мен жемістерден басқасы, өлшеп оралған күйінде сатылады.
Санитарлық-карантиндік іс-шаралардың сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ел аумағындағы төтенше жағдайда сауда объектілерінің 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейінгі жұмыс ережелерін қабылдаған.
Өзгелердің жаңалығы