Төрт балалы тарбағатайлық отбасы қай санатқа жатады?

22 Наурыз 2019, 13:42
3233
Бөлісу:
Төрт балалы тарбағатайлық отбасы қай санатқа жатады?

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта көпбалалы отбасыларды жәрдемақымен жарылқау жөніндегі әңгіменің жер-жерде жиі естіліп жатқаны белгілі. Жалпы, бұл тұрғындардың белгілі бір санаттары үшін біршама қуаныш әкеп жатқаны да рас. Колдау шарасын кәдеге жаратуды ойлаған тұрғындардың қамдануды қазірден бастап кеткендері де жоқ емес. Солардың бірі Тарбағатай ауданына қарасты елді мекендердің бірінің тұрғыны Мақпал Бектемісова (аты-жөні өзгертілген). Бүгінде төрт баланың анасы болып келетін ол аталған ақпаратты ести сала, қажетті құжаттарды жинауды бастап кеткен...

Дегенмен, ауыл тұрғыны жергілікті әкімдікке барғанда ондағылар мұндай жәрдемақының әзірге төленбейтінін әрі олардың қорасында төрт түлгінің, одан қалса өзінің де, жолдасының да жұмыс істейтінін айтып әлеуметтік көмектің көрсетілмейтінін кесе-көлденең тартқан көрінеді.

Бізге көмек беріле ме?

«Төрт балам бар. Олардың үшеуі мектеп жасында болса, кенжем бір жаста. Өзім 0,5 ставкамен ауыл мектебінде зертханашы болып жұмыс істеймін. Мал дәрігері болып жұмыс істейтін жолдасым наурыз-қараша айларының аралығында ғана жұмыста болса, қыс маусымында жұмыссыз. Жақында 18 жасқа толмаған көпбалалы отбасылардың әр баласына жәрдемақы төленетіні жайындағы хабарды естіп, жергілікті әкімдікке жүгінген едім. Ал ондағылар болса мұндай жәрдемақының төленбейтінін алға тартып, менің де, жолдасымының да жұмыс істейтінін әрі қорамыздағы азын-аулақ малға бола әлеуметтік көмек берілмейтінін айтты, - дейді Мақпал.

Осылайша аталмыш мәселенің қандай тәртіпте шешіліп, жәрдемақының қалай берілетінін білгісі келген оқырманымыз газет редакциясына қоңырау шалған.

Көмек алу санатына жатпайды

Сайт редакциясына ресми хатпен жауап берген ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Асхат Садировтың хабарлауынша, аталған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға жатпайтын көрінеді.

«Тарбағатай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ақпаратына сәйкес, аталған азаматшаның материалдық жағдайын зерттеу кезінде оның отбасында 7 адамның бары, жолдасы және енесінің бірге тұратындығы анықталды. Қосалқы шаруашылығында малдары да бар. Ал отбасының жиынтық табысының ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан асып кететіндігіне байланысты олар атаулы әлеуметтік көмек алатындар санатына жатпайды», - деді Асхат Садиров.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, 2019 жылдың 1 ақпанында облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек 1 440 отбасына, оның ішінде 6 217 тұрғынға (2018 жылы – 6 854 отбасына, оның ішінде 31 601 азаматқа) тағайындалған екен.

Жаңа тәртібі

Жалпы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атауы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі қолданысқа енгізілген болатын. Атап айтсақ, өткен жылға дейін беріліп келген 4 және одан көп балалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы, аз қамтылған отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы мен аз қамтылған отбасыларға берілетін көмек заңнамалық тұрғыда біріктіріліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға беріле бастаған болатын.

Қоса кетсек, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем. Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінеді.

1) Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі;

2) Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысу шартымен оларға ай сайынғы және біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

Асхат Садировтың айтуынша, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын әр ел азаматының, оралманның, босқынның, шетелдіктің және ел аумағында тұрақты тұрып, бірақ азаматтығы жоқ адамның атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көрінеді. Ол үшін адам өзінің атынан немесе отбасының атынан атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге белгіленген үлгідегі өтініш пен тізбесін орталық атқарушы органдар анықтайтын құжатты тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық жерлердегі тұрғындар кент, ауылдық округ әкіміне өткізеді.

Назарға алынады

Аталмыш көмекті бермес бұрын отбасының жиынтық табысы есептеледі. Ал оны есептеуде немене назарға алынады? Ендеше қараңыз:

- еңбекақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыс;

- Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінде көрсетілген балаларға және басқа да асырауындағыларға алынатын алименттер;

- жеке қосалқы шаруашылықтағы — мал мен құс ұстаудан, бағбандық пен бақшалықтан түсетін және тағы басқа табыстар есепке алынады.

Бұдан бөлек, аталған қағиданың 10-тармағына сәйкес, отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекенде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі.

Өзгелердің жаңалығы