Бас жаңалықтар
Төрт ғасырдан кейін жүзеге асқан отарлау немесе Макиавеллидің "Ханзадасы"
EX
31 Мамыр 2020, 14:25 938

Төрт ғасырдан кейін жүзеге асқан отарлау немесе Макиавеллидің "Ханзадасы"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Өткен ғасырдың басында халқымыз көрген зұлмат пен нәубетті ойласаң аза бойың қаза болады". Қазақстандағы санаулы жас ғалымдардың бірі, PHD доктор Бекарыс Нұриман осылай дейді.

Өткенде бір кітап оқып отырып, сол нәубет жылдар көз алдымнан тізбектеліп өте шыққандай болды. Ол қандай кітап дейсіз ғой?! Никколо Макиавеллидің 1513 жылы жазған итальянша "Il Principe" деген кітабы. Қазақша "Ханзада" деуге болатын шығар. Өз еңбегінде Макиавелли өзге халықты қалай отарлауға болатынын тәптіштеп тұрып жазады. Ал 20-ғасырдың басында қазақ халқын қынадай қырғандар Макиавеллидің айтқанын 4 ғасырдан соң үтір-нүктесіне дейін қалдырмай орындаған секілді - дейді Бекарыс Нұриман. 
Жас ғалым әңгімесінде Макиавеллидің кітабынан үзінді келтіреді. 
Отарлаушының жаулап алған жерінен бастайын. Онда тұратындар тілі бір және бір жердің халқы болуы мүмкін немесе керісінше. Егер ол жердің халқы тәуелсіздіктің не екенін білмейтін болса, оларды  басқару тіпті оңай болады. Бірақ, ең дұрысы – оларға билік жүргізу үшін бұрынғы билеушілерінің тұқымын құртсаң жеткілікті. ...Бір жерді жаулап алған билеуші оны уысынан шығармай, ұстап қалу үшін мына екі нәрсені орындауы керек. Ол бұрынғы билеушінің тұқымын тұздай құрту және заң мен салықты өзгерту. Осылай жасасаң, аз уақытта жаңа жаулаған жерің басы бүтін өзіңдікі болады" - деп жазады Макиавелли. Осы екі тәсілдің екеуі де қазақ даласында жүзеге асты емес пе?! Хан заузатына келген зұлматты білеміз. Одан соң жаңа низам шықты. Қазақты сорлатқан да осы шығар?! Сосын, қыл аяғы іш киімге дейін өткізетін салықтың түрі болды. Бұларды дәлелдеп жатудың өзі артық. Макиавелли тағы былай дейді: "Алайда, отарланған жерде өмір сүретін адамдардың тілі, өмір салты және басқару жүйесі басқаша болса, демек, ол жерде проблема бар деген сөз. Ондай жағдайда ол жерде билік жүргізу үшін алдын ала зерттеу керек және өте қырағы болу керек". Мынаны қараңыз?! Бірінші шауып бармас бұрын зерттеуді тапсырады. Ол өте маңызды екен. Қазақ даласында алғашқы зерттеуді жасағандардың бірі – Тевкелев. Қазақтың 12 жақсы қасиеті, 6 жаман қасиеті бар. Жақсысын жойып, жаманын дамытса, оп-оңай отарлауға болады деген мағынада ұсыныс айтқан да сол. Патша билігі осы саясатты Макиавелли айтқандай қырағы жүргізді - дейді жас ғалым. 

Бекарыс Нұриман отарлаудың келесі қадамы да әуелден жазылғанын алға тартады.
Ең дұрысы және ең өтімдісі – ол жерді жаулап алған кісінің сонда барып орналасуы. Бұл бір жолы, билігің тұрақты және мәңгілік болады" - дейді Макиавелли өз кітабында. Қарап отырсаңыз қазақ даласына әскери бекіністерінің салынуы осы сөздің іске асуы емес пе?! Отарланған халық әр жерде бас көтеруі немесе тұтастай билікке қарсы шығып, тәуелсіздікке ұмтылуы мүмкін. Сондай жағдайда басып-жаншу үшін керек екенін жазады Макиавелли. Бекіністер сол міндетті бұлжытпай орындағаны жасырын емес - дейді Бекарыс Нұриман.

Ол Никколо жазбасында отарланған елді билеудің тағы бір тәсілі көрсетілгенін айтады. 
Макиавеллидің кітабында: "Шешімнің басқа бір түрі, жаулап алынған жердегі халықтың билеушіге толық бағынышты болуы үшін бір немесе екі жерге колония орналастыру керек. Өйткені, осыны жүзеге асырасың немесе ол жерге атты және жаяу әскер жібересің. Колония үшін артық шығындалмайсың. Көп дегенде бір мәрте шығындаласың немесе мүлде жоқ. Оған тек қана отыратын жай және кәсіп қылатын егіндік жер табу үшін жергілікті халықтың бірін жерінен, үйінен айырып, мазасын алған боласың. Ол да жергілікті халықтың өте аз бөлігі. Тынышы кеткен адам дымсыз қалғасын және басқалардан хабарсыз отырғасын одан билеушіге аса қауіп жоқ. Басқалары да өзіне тимегесін үнсіз өмір сүре береді. Бір жағынан, басқаның басына келген жағдай өз басына келуінен және малы мен дүниесінен айырылып қалуынан қорқып, ол қателік жасамауға тырысады. Сөзімді бітірерде мынаны айтқым келеді: колониялар қымбатқа түспейді. Сосын олар шыншыл және зияны аз. Мазасы қашқан халықтан да зарар келмес, өйткені ол айтқанымдай жоқшылықта және басы тауға да, тасқа соққан күйде өмір сүреді" - деп атап көрсетілген. Көз алдыңызға қазақ даласындағы "жер иеленушілер" келді ме?! Шұрайлы жерінен ығыстырылып, қу тақырға мал жайып, соңында қара сирақ боп қалды. Бірі жерінен айрылып жатса, басқасының санасында "қазаны басқаның қайғысы басқа" деген түсінік қалыптасады - дейді PHD доктор.

Бекарыс Нұриман Макиавелли өз кітабында отарлаудың ең сорақы, ең зұлым түрін де жазғанын келтіреді. 
Қорыта келе мынаны айтудың пайдасы бар. Халықты не бар қыласың, не жоқ қыласың. Өйткені, беретін жазаң жеңіл болса, адамдар сенен кек алады. Бірақ, ауыр жаза берсең, енді қайтып бас көтере алмайды. Қысқасы, отарланған халыққа беретін жазаң кек алады деп қорықпайтындай ауыр жаза болу керек. Колонияның орнына қарулы әскер ұстағың келсе, шығыны өте көп болғаны себепті мемлекеттің бүкіл қазынасын осы жолға жұмсайсың. Мөлшерінің көптігі сондай, бес есе шығындалып, бір ғана пайда табасың. Әскер жіберу арқылы тіпті көп зарар бересің. Өйткені, әскердің жер ауыстырып отыруы себепті үй мәселесі бәрін мезі етеді және бәрі саған дұшпан болады. ... Қарулы әскер қаншалықты пайдасыз болса, колония орналастыру соншалықты пайдалы" - дейді 1513 жылы жазылған кітапта. Ал осыдан аттай 4 ғасыр өткен соң халқымыздың басына төнген зұлмат – ауырдың ең ауыры еді. Ұлттың қаймағы болған арыстар, зиялылар, тіпті пәлендей сауаты болмаса да, енді ғана қара танып жатқандар және елдің арқасүйері болып отырған байлардың бәрі сұраусыз атылып, көмусіз қалды емес пе?! Артында аңырап қалған ел аштыққа ұшырап, одан соң ауруға тап болды. Қайта бас көтеруге қауқары да, жүрегінің түгі де қалмады - дейді жас ғалым.

Ол осылардың бәрін көз алдыңа елестеткенде, еріксіз ерніңді тістеп, үнсіз ғана егіле бастайсың дейді.
Айтпақшы, Макаивелли өзі ақыл айтып отырған жаулаушыларын мынадан да сақтандырыпты. "Тілі, заңы және салт-дәстүрі басқа аймаққа басып кіргенде бір аймағындағы әлсіз басшыны қорғап, мемлекет билеушісінің күшін әлсіретуге міндеттісің. Өйтпесе, қорыққан және есепсіз қанауға шыдай алмаған халық шет елдің билеушілерінен көмек сұрауы мүмкін. Этолиялықтардың Римді Грекияға шақырғаны секілді". Жаулаудың, отарлаудың "әліппесі" қандай сауатты жазылғанын болжай беріңіздер. Этолия – Грекияға бағынышты аймақ болыпты. Тәуелсіздік алу үшін Римнен көмек сұраса керек. Осы тұста, Алаш арыстарының "жапон тыңшысы" деген жаламен айыпталуының астарында осындай мәселе жатқан сыңайлы - дейді Бекарыс.

Оның айтуынша, Макиавеллидің жазғаны қазақ даласында айна-қатесіз орындалған.
"Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғына қозғайды" біраз жерге барғандаймыз. Осы жерден тізгінді тартайық. Өткенге салауат! Қанша зұлматты бастан кешірсек те, тәуелсіздік алып, жеке шаңырақ көтердік қой, соған да шүкір! Ендігі мәселе, Макиавелли "осындай отарланған халық қайтсе ел болып кете алады" деп жазды ма екен деген сұрақ мазалады мені. Сөйтсем, жаңа құрылған жас мемлекетте халықтың билеушіге көңілі толмайды, келесі билеуші бұдан да жақсырақ болады деп сенеді. Сөйтіп, билікке қарсы шығады, төңкеріп тастайты да, кейін қателескенін аңғарады деп жазады. Сол себепті, мұндай мемлекетте көтеріліс болдырмауды тапсырады. Жазықсыз жапа шеккен бабаларымыздың жаны жәннәтта болсын! Ұрпағына нәсіп болған тәуелсіздік баянды болғай. Алла елімізге тыныштық және берекелі бейбіт күн кешуді жазсын - дейді Бекарыс Нұриман.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...