Бас жаңалықтар
Түркиядағы қандастар Қазақстанға көмек жіберді
14 Шілде 2020, 20:47 168

Түркиядағы қандастар Қазақстанға көмек жіберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін астана уақытымен сағат 02:30-да Түркия мен Еуропадағы қандастар бірігіп ұйымдастырған гуманитарлық көмек Қазақстанға келіп жетті.

Келген көмектің жалпы салмағы – 900 киллограмға жуық. Оның ішінде медициналық заттар (бетперде, термометр, қорғаныш костюмдері және т.б.) және өкпені жасанды желдету құрылғылары бар. Бұл медициналық жабдықтар сәйкес медициналық ұйымдарға үлестіріліп беріледі.

Барлық жүкті "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы", "Отандастар коры" және елімізге Түркиядан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдерімен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтандағы, Алматыдағы, Шымкенттегі және ШҚО-дағы емханаларға жеткізіп беретін болады.
Шетелде туып, өмір сүріп жатқанымызбен шеттегі әр қазақтың арқа сүйер отаны бар. Ол – Қазақстан. Атажұртымызға байланысты кез келген жаңалықты күнделікті көріп, біліп отырмыз. Әлемді шарпыған індет Қазақстанды да айналып өтпегенін көріп, Түркиядағы, Еуропа мен бүкіл әлемдегі қазақтар бірден келісіп, қолдан келгенше көмектесуге бел буды. Соның нәтижесі, міне, бүгін елордаға жеткен алғашқы көмек. Енді жүкті басқа қалаларға да таратып, барынша үлес қосуға тырысамыз, - деді Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі Шабан Серкан Динчтүрк.
Айта кетейік, шетелдегі қандастар жіберген тағы 200 килограммға жуық дәрі-дәрмекті қазіргі кезде Қазақстанға жеткізу мәселелері Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен бірлесіп пысықталып жатыр.
Әлемнің қай тұсында жүрсе де, атажұрт Отанын ұмытпай, қиын-қыстау уақытта елімізге қол ұшын созып, бірден көмек көрсеткен Түркиядағы, Еуропадағы қандастарымызға, ағайын-бауырларымызға және осы жүкті жеткізуге атсалысқан барлық мемлекеттік мекемелерге алғысымызды білдіреміз. "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы" мен "Отандастар коры" атынан ризашылығымызды жеткіземіз, - деді "Отандастар қоры" КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.



Фото: дереккөз
Загрузка...