Түркия СІМ Қазақстандағы президент сайлауына қатысты пікір білдірді

24 Мамыр 2019, 13:48
1646
Бөлісу:
Түркия СІМ Қазақстандағы президент сайлауына қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркия сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғаш қалай кездескенін айтып берді. 

Мевлүт Чавушоғлу Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге болатынын айтты. Ал екі ел басшылары бұл жоспарды 5 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған. Яғни, оның айтуынша, межелеген көрсеткіштен асуға мүмкіндік бар.

«Ең алдымен жылы қарсы алған бауырларымызға алғыс білдіремін. Бүгін Атамқұлов пен біздің делегация екіжақты стратегиялық жоспарлау тобының кезекті отырысын өткізді. Биыл ортақ стратегиялық жоспарлау отырысы өтеді. Бүгінгі кездесу соған дайындық ретінде талқылау жүргіздік. Біз ынтымақтастығымызды нығайту және инвестиция санын ұлғайту үшін барынша күш салуымыз керек. Екі ел арасында тауар айналымы 5 млрд долларға жеткізуіміз керек деген жоспар болған. Бұл көрсеткіш 10 млрд долларға жетуі мүмкін. Біздің ортақ жоспарларымыз іске асуы үшін комиссия, жұмыс тобының отырыстарын өткізуіміз керек. Екі ел арасындағы теміржол желісін және құрлықтағы транспорт саласын дамытамыз. Сондай-ақ бүгінге дейінгі жоспарларымызды жалғастыра береміз. Біз түрлі ұйымның мүшесіміз. Осы ұйымдардағы Қазақстанның позициясын құптаймыз», - деді ол.

Түркиялық министр Қазақстанда өткелі отырған президент сайлауына қатысты пікірін білдірді. 

«Қазақстан – бейбіт саясатты ұстанған мемлекет... Қазақстанда саяси өзгеріс болды. Бұл өзгерісті оң қабылдадық. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.Қазақстанда президент сайлауы өтетінін білеміз. Мен бұған дейінгі Қазақстанда өткен президент сайлауын өткен бақылаған болатынмын. Түрік әлемінің құрметті ақсақалы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамуы мен түркі әлемі елдеріндегі қарым-қатынастың дамуына зор үлесін қосты. Ол – түркі әлемінің көшбасшысы. Түркия президенті Ердоған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі әлемінің ақсақалы» деп сыйлайды. Оның шығарған шешіміне құрметпен қарайды», - деді ол.

Түркиялық министр бұған дейін Тоқаевпен БҰҰ консулдығында жұмыс істегенде кездескенін, ал бүгін ел президенті ретінде кездесетінін ерекше атап өтті.

«Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттың нығаюы үшін маңызды қадамдарды жасап жатыр. Мен оны біріншіден Қазақстан сенатының спикері ретінде білемін. Онымен БҰҰ бас консулдығында жұмыс істегінде кездескенмін. Ал, бүгін құрметті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесемін», - деді Мевлүт Чавушоғлу.

ҚР сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов  Түркия СІМ Мевлүт Чавушоғлумен Стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобы 5-ші отырысының қорытындылары бойынша бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.


Өзгелердің жаңалығы