Түркістандық шаруалар рекордтық көрсеткішке қолжеткізді

29 Қаңтар 2019, 13:31
1755
Бөлісу:
Түркістандық шаруалар рекордтық көрсеткішке қолжеткізді

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысында 2018 жылы көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,9 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Оның республикалық үлесі 43% қамтыған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов хабарлағандай, егістікті әртараптандырудың арқасында жиналған өнімнің 500 мың тоннаға жуығы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілгенін жеткізді.

«Масақты дәнді дақылдар егіс көлемі алдыңғы жылдан 22,8 мың гектарға артып, 227,4 мың гекттарға, дәндік жүгері 6,6 мың гектарға артып, 43,9 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып, 114 мың гектарға, майлы дақылдар 93,3 мың гектарға, мақта дақылы 132,5 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 189,3 мың гектарға егілді. 2018 жылы ауа райының қуаңшылық болғанына қарамастан, дихандардың еселі еңбегінің арқасында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тн өнім жиналды. Жүгеріден әр гектардан 48,5 центнерден 213 мың тонна өнім жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 47 мың тоннаға артты. Республикалық үлесі – 24%-ға жетті», - деді басқарма басшысы.

Бұдан басқа, мақта дақылының гектар түсімділігінде де оң нәтиже бар. Онда 25,7 центнерден, барлығы 340,7 мың тн мақта жиналған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10,2 мың тоннаға көп. Өңірдегі қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жеткізіліп, жеміс-жидектен 118 мың тонна өнім алыныпты. Республикада өндірілген жемістің 40%-ын Түркістан облысы берсе, жүзімнен 73 мың тонна өнім жиналып, республикадағы үлесі 73% қамтыған. Жалпы, өткен 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 2017 жылдан 15,1 мың гектарға артып, 813,5 мың гектарға жеткен.

Сала маманы атап өткендей, облыста осындай жетістіктерге жетуде жаңа технологияларды игерудің пайдасы орасан зор болды.

«Мәселен, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды трансферттеу аясында 2018 жылы облысымызда жаңадан 7174 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, оның жалпы көлемі 65 017 гектарға (2017 жылы 57,8 мың га) жетіпті. Ол оның республикадағы үлесі 73%-ды құрады. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғаса бермек. 2019 жылы «Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, 7 440 гектар алқапқа тамшылатып суғару жүйесін ендіру жоспарлануда», - деп түйіндеді Нұрбек Бадырақов.

Өзгелердің жаңалығы