Түркістанның түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын конференция өтті

29 Мамыр 2019, 19:38
1886
Бөлісу:
Түркістанның түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын конференция өтті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Түркістан қаласының түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын бұл конференцияның маңызы зор.

Конференцияның ашылуында сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан – киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелгенін, Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылғанын айтып өтті. Әкімнің сөзінше, түркі халықтары үшін Түркістан қаласының тарихтағы орны әрқашанда қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өткен болатын.

Қасиетті Түркістанның әлемдік тарихтағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция барысында облыс әкімі киелі мекеннің бұрын Шауғар, кейіннен Яссы және Түркістан деп аталғанын тілге тиек етті.

«Біз Түркістан мен Ясауиді бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймыз. Өйткені, екеуі егіз ұғым десе болады. Қожа Ахмет Ясауи – мұралары арқылы түркі әлеміне ғана емес, Азияның көптеген елдеріне дейін ізгілік дәнін сепкен ұлы тұлға. Оның рухани қазынасы түркі халықтарының тарихында маңызды рөл атқарды. Бұл шаһардың Түркістан деп аталуында ислам дінінің және Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың орны ерекше. Осы қасиетті Түркістан маңынан шыққан ғалымдар философия, тарих, дін, әдебиет, құқық және өзге де салаларда атын мәңгі қалдырды. Қожа Ахмет Ясауи, Әбу Насыр әл-Фараби, Сүлеймен Бақырғани және өзге де тұлғалар әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар бұл аймаққа ислам дінінің ғылым мен мәдениет, сәулет пен өнер арқылы енгені тарихи ақиқат. Түркістан мен оған жақын орналасқан шаһарларда ғылым дамыды, ірі кітапханалар жұмыс істеді. Өркениетке тән белгілер мен жетістіктердің бәрі табылды. Сол замандардың өзінде Түркістанда суландыру жүйесі, кәріз жүйесі, темір балқыту кәсіпорындары болды», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістанның түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын конференция өтті

Облыс әкімінің айтуынша, киелі Түркістан жерінде тарихта аты қалған қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 21 биі мен 56 батыры мен 200-ден астам ғұламалары мен қайраткерлері мәңгі қоныс тапқан. Осының өзі шаһардың тарихи мәнін айшықтап тұр. Сонымен қатар, Түркістан қаласына өткен жылы 1,5 миллионнан аса турист келіпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан сайын еселене түспек. Өйткені, облыс орталығына айналған Түркістан қаласы шығыстық және заманауи үлгідегі ғимараттармен толығуда.

«Елбасының қолдауымен ондаған нысандардың құрылысы екі ауысыммен жүріп жатыр. Биылдың өзінде әкімшілік-іскерлік орталық, медиаорталық және саябақ тапсырылады деп жоспарланған. Сонымен бірге, шығыс моншасы, амфитеатр, қабылдау орталығы және әуенді субұрқақ та ел игілігіне беріледі. Жыл соңына дейін 2350 пәтерлі 52 тұрғын үй тұрғындарға тапсырылады. Сондай-ақ жаңа мектеп те ашылады. Түркістан қаласында көшелерді жөндеу, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Алдағы екі-үш жыл көлемінде-ақ Түркістан елеулі өзгеріске ұшырайтыны анық. Сол бағытта жұмыс атқарып жатырмыз», - деді конференцияда облыс басшысы.

Өңір басшысы Түркістанның экономикасы, туризмі, ауыл шаруашылығы, өндірісі және ғылымы мен мәдениеті дамыған өңірге айналдырып, Түркістан қаласы өңірдің қозғаушы күші ретінде жаңаша бағытта дамитынын айтты.

Айта кетейік, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынған конференция алдағы уақытта Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтере түседі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы