Түркістанда тұрғын үйлер табиғи газға қосылды

13 Желтоқсан 2019, 12:05
5188
Бөлісу:
Түркістанда тұрғын үйлер табиғи газға қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласындағы "Отырар" ықшам ауданында тұрғын үйлер табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев түркістандықтарға ыстық лебізін жеткізіп, газ құбырын іске қосты.


Халықаралық маңызы бар "Бейнеу-Бозой" магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында түркістандықтардың саны артып келеді. Алдағы күндері қалған абоненттерді газдандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар 11 кезеңмен жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен биыл 35 елді мекенге газ қосылды. Жыл соңына дейін тағы 50-ге жуық ауылға табиғи газ тартылады, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін Түркістан қаласының тең жартысы, яғни, 20 000 абонентке газ қосу жоспарлануда. Осылайша шаһардағы тұрғын үйлер 56% газбен қамтылады.

2020 жылдың соңына дейін Түркістан қаласы көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылатын болады. Бұл жұмыстар "ҚазТрансГазАймақ" мекемесімен бірлесе жүргізілуде. Өңірді жүйелі түрде газдандыру мақсатында, 500-ге жуық елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік беретін қосымша жалпы сметалық жобалар әзірленуде.

Өзгелердің жаңалығы