Түркістанда санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты

31 Наурыз 2020, 12:18
2829
Бөлісу:
Түркістанда санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінге дейін Түркістан өңіріндегі қала мен аудандарда Covid19 жұқпасын болдырмау және оның таралуының алдын алу мақсатында орнатылған арнайы блок-посттарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

Атап айтсақ, Түркістан облысы Қазығұрт аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 24/7 режимінде жұмыс атқаруда. Мұнда посттардың тәулік бойы үздіксіз қызметін ұйымдастыру үшін арнайы шатыр (палатка) тігіліп, ішіне қажетті заттар орнатылды, барлық санитарлық дезинфекция шаралары қатаң орындалуда.

Дәрігерлер жолаушылардың дене қызуын арнайы құрылғылармен тексеріп, өзге өңірлерден және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген азаматтарды арнайы тізімге тіркеуде.

Айта кетейік, 30 наурызға дейін жалпы 3727 азамат тексеруден өткізіліп, тізімдері жасалды.

кок1.jpg

Түркістан облысы Кентау қаласындағы жағдайға тоқталсақ, жергілікті Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы #COVID-19 жұқпасының алдын алу мақсатында төтенше жағдай кезінде орындалуы тиіс талаптарға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде заң бұзушылықтарға жол берген 13 кәсіпкерге хаттама толтырылып, Кентау қалалық сотынының шешімімен 8 кәсіпкерге айыппұл салынды, 5 кәсіпкер әкімшілік қамаққа алынды.

Бұдан бөлек, жалпы 142 дүкен иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жұмыс беруші тарапынан дүкен сатушыларын бетпердемен, антисептикпен қамтамасыз етіп, залалсыздандыру шаралары ережеге сәйкес атқарылуы қажет екендігі ескертілді.

кок2.jpg

Ал Түлкібас ауданындағы "Шақпақ" бекетінде бұл жолғы кезекшілік облыстық "Тері-венерология диспансерінің" дәрігерлеріне тиесілі болды. Бір тәулікте мамандар үш мыңнан астам адамды тексеруден өткізді. Барлық көлік түрлері тоқтатылып, азаматтардың дене қызулары өлшенді. Қауіпті індетке күдікті адам тіркелген жоқ.

Бүкіл әлемдік пандемиямен күресте дәрігерлердің, төтеншеліктердің, сэс мамандарының еңбегі орасан екендігін атап өту қажет. Олардың барлығы да төтенше жағдай кезінде елдің амандығы үшін аянбай еңбек етіп, өз өмірлерін бәске тігіп отырғаны жасырын емес. Түркістан облысына қарасты барлық аймақта #Covid19 жұқпасын болдырмау мен оның таралуының алдын алу мақсатында тұрғындарды сақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда мамандар елді мекендерді аралап, дыбыс күшейткіш арқылы ақпараттандыру шараларын жүзеге асырып жатыр. Бұл орайда сақтанудың ең тиімді жолы – #үйден_шықпай, қарапайым гигиеналық талаптарды орындау аса маңызды болып тұр. Бүгінде арнайы Қаулы қабылданып, соған сәйкес жұмыстарды қадағалап отырмыз, - деді Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.

Төтенше жағдай кезінде санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталмауы Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке алып келетіні мамандар тарапынан қатаң ескертілуде.

Бүгінгі таңда облыс аумағында санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

 


Өзгелердің жаңалығы