Түркістанда Әл-Фараби туралы мультфильм түсірілді

12 Сәуір 2019, 17:31
4747
Бөлісу:
Түркістанда Әл-Фараби туралы мультфильм түсірілді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру. Ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту.

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына екі жыл толуына орай «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті. Фильмді Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-сі мен «САҚ» киностудиясы түсірген.

Бұл фильмде әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген.  Сондықтан фильмнің де «Оқсыз оқиғасы» деп аталады.  3D форматта әзірленген фильмнің ұзақтығы – 25 минут.  Режиссері – Нуриддин Паттеев, сценариін жазған Бақытжан Құлжабай, композиторы Әйтеке Көптілеу, қоюшы суретшісі Самат Нұралиев.

Түркістанда Әл-Фараби туралы мультфильм түсірілді

Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру. Ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту.

Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған жиында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт руханиятына оң серпін беретін іс-шаралар бойынша көшбасшылар қатарында. Сонымен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындау бағытында да жұмыстар қолға алынған.

Түркістанда Әл-Фараби туралы мультфильм түсірілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына арналып өткізілген басқосуда Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева жастарға, жалпы азаматтарға патриоттық тәрбие беретін жобаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Фильм режиссері Нуриддин Паттеев те осы бағыттағы фильмдерді түсіру жұмыстары жалғасатынын айтты.

Жақында «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая да көрерменге жол тартады.



Өзгелердің жаңалығы