Бас жаңалықтар
Түркістанда әдеп сақтамаған әкім партиядан шығарылды
28 Ақпан 2020, 03:32 538

Түркістанда әдеп сақтамаған әкім партиядан шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Сайрам ауданында Әдеп кодексін сақтамаған әкім "Nur Otan" партиясы қатарынан шығарылды. Бұл туралы партияның саяси кеңесі мәжілісінде хабарланған.

Қарасу ауылдық округі әкімінің Е.Бекбердиевтің жауапкершілігі партияның аталған аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мәжілісінде қаралған.

 Қарасу ауылдық округінің әкімі соңғы 6 айда "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодекстің талаптарын сақтамағаны үшін 2 рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ оған қатысты өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде орындамау мен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін "сөгіс", "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түрінде екі тәртіптік шара қолданылған.

 Атап айтқанда. Сайрам аудандық прокуратурасы тарапынан жүргізілген талдау нәтижесімен ауыл әкімі жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж ретінде өтініш білдірген 851 көпбалалы және аз қамтылған отбасының өтініштерін 2019 жылдың сәуір айынан бастап шілде айына дейін себепсіз жұмыспен қамту орталығына жолдамаған. Яғни, 7 жұмыс күн ішінде жолдануы тиіс құжаттар 4 айға жуық жолданбай, көмекке мұқтаж отбасылардың мәселелеріне немқұрайлық танытқан.

Сонымен қатар тұрғындар тарапынан Е.Бекбердиев пен әкімдік аппаратының жұмысына қатысты 10 арыз-шағым түскен.

 Мәжіліс қорытындысы бойынша Қарасу әкімі "Nur Otan" партиясының мүшесі болуға лайықты емес деген шешім қабылданған.



Фото: дереккөз
Загрузка...