Түркістанда ардагерлерге қолдау көрсетіледі

19 Наурыз 2019, 10:17
2202
Бөлісу:
Түркістанда ардагерлерге қолдау көрсетіледі

Астана, BAQ.KZ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір ардагерлерімен кездесті. Басқосу ел бірлігі, жастар тәрбиесі, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, Түркістанды түлету мәселелері бойынша өрбіді.

Кездесуде аймақ басшысы елдің рухани дамуы үшін, алдыңғы толқын ардагерлердің үлесі мол екендігін айтты. 

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары бойынша облыста нақты жұмыстар атқарылуда. Осы мақалалары арқылы тереңге тамыр тартқан тарихымызды, ұлттық болмысымызды қадірлеу керектігін айтты. Сол ізгі қасиеттердің бірі – қазыналы қарттарды құрметтеу. Ал ақсақалдарымыз ұрпаққа өнегелі әңгімесін айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақыруы тиіс», – деді өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ұйымның негізгі мақсатына тоқталды. 

«Ардагерлер ұйымының 168 мүшесі бар. 33 жылдық тарихын ауыз толтырып айтуға болады. Ардагерлер ұйымының мақсаты – ел татулығын ту етіп, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу. Ардагерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуына жәрдем беру», – деді ол.  

Облыс әкімі ардагерлерге қолдау көрсетілетіні туралы айтты.

«Халқымызда «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, Қосылып еккен ағаш – орман» деген мақал бар. Яғни, әр істі келісіп істей білсек, ұрпақтар арасында сабақтастық үзілмесе, еліміз өркендейді. Кезінде Төле би, Қазыбек және Әйтеке би сынды кемеңгерлеріміз елді ұлы мұрат жолында топтастырып, бәтуалы ойларын айтып, мемлекетке қызмет ете білген. Сіздерге ғимарат, көлік тұрғысынан тиісті қолдау көрсетіледі. Түркістанды түлету жолында бірге еңбек етеміз», – деді Өмірзақ Естайұлы.

 

Өзгелердің жаңалығы