Бас жаңалықтар
Түркістан облысының әкімі өңір имамдарымен кездесті
12 Ақпан 2019, 21:09 460

Түркістан облысының әкімі өңір имамдарымен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкіл имамы және облыстағы аудан, қалалық бас имамдарды қабылдады.

Кездесу барысында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-сі директорының міндетін уақытша атқарушы Мәди Әбзелбекұлы Бесбаев, Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Оқапұлы Сыздықов  және Төлеби ауданының бас имамы Самат Сапарханұлы Анарбаев ұсыныс пікірлерін білдірді.

Жалпы облысымыздағы діни ахуал тұрақты екендігін жеткізген дін саласының қызметкерлері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда жасалатын діни іс-шаралар жоспарымен де таныстырып өтті. Өзге ағымдарға қарсы ағарту және алдын-алуда жүйелі істің жүргізіліп жатқандығы айтылып, бірнеше бағытқа бөлінген жұмыстардың жай-күйі баяндалды.

«Халықпен мейлінше тиімді жұмыс жасау үшін, Елбасы барлық жағдайды жасап отыр. Балаларымыз, жастарымыз үшін күнделікті жұмыс істеуіміз керек. Ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуді айтып келеміз. Қазақ халқына тән салт дәстүрлер мен  әдет-ғұрыпты насихаттап, соған мән беру маңызды», – деді облыс әкімі. 

Өз кезегінде қоғамдағы  жастардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керектігін баса айтқан  Жансейіт Қансейітұлы  бірнеше мәселе бойынша тапсырмалар берді. Діни тұрақтылықты сақтау мақсатында аудан қалаларда дәстүрлі діни бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Сізден жаңалық