Түркістан облысындағы аудандарға 1 млрд теңгеден беріледі

6 Сәуір 2019, 16:07
2086
Бөлісу:
Түркістан облысындағы аудандарға 1 млрд теңгеден беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл қаражат халыққа биыл пайдасы тиетін, нәтижесі көзге көрінетін, жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерді шешуге жұмсалуы керек. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезекті XXXVII сессиясында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев осындай мәлімдеме жасады. Облыс әкімі бұл бастама аудандардағы қордаланған өзекті мәселелердің шешімін табуға оң септігін тигізетінін айтады.

«Түркістан облысының аудандары мен елді мекендерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілу қажет. Елді мекендердің мәселелерін жүйелі түрде шешуіміз керек.  Осыған орай, аудандарды қолдау мақсатында алдағы үш жылда 1 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл қаражатты дұрыс бағытта жұмсап, игерген ауданға кейінгі жылы 2 млрд. теңге берілсе, ал игере алмаған аудандардың қаражаты керісінше қысқарып отырады. Осы арқылы ауданда атқарылған жұмыс нәтижесін аңғаруға болады», – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Сондай-ақ өңір басшысы облыс бюджетінің кіріс бөлігінің тым аз екенін сынға алып, оны екі есеге ұлғайтуға кірісетіндігін жеткізді.

«Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты айтар болсам, облыс тек 53 млрд. теңге ғана кіріс табуда, менің ойымша, облыс кірісін  100 млрд. теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайтуға қабілетіміз жетеді. Сондықтан да бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөніндегі жұмысты жоспарлы түрде жүргізу қажет. Сондай-ақ,  республикалық бюджет қаражаты қаралған облыстың Кешенді даму жоспарын қайтадан дұрыстап қарау қажет», – деді Өмірзақ Шөкеев.

 

Өзгелердің жаңалығы