Түркістан облысында мақта терімі басталды

18 Қыркүйек 2019, 05:39
3104
Бөлісу:
Түркістан облысында мақта терімі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды. Ең бірінші болып Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты "Нұржан" шаруа қожалығы алажаздай өсірген өнімін жинауда.  

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 5,8 гектар жерге "Мақтаарал 47/27" мақта сортын еккен қожалық 27 центнерден өнім алуда. Мақта теріміне жергілікті ауыл тұрғындары қатысып, келісіне 30 теңгеден еңбекақылары берілуде. Қожалық басшысы жинаған өнімін "Қарақыр" мақта қабылдау пунктіне өткізбекші екен.

Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен болатын. Былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын.

"Қазіргі таңда мақта алқаптарында жапырақтарды қурату жұмыстары басталып кетті. Аудан бойынша 7842 гектар ғана мақталық алқап дефолиацияланған. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Сондықтан, шаруаларға түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізудеміз. Күні кеше ғана аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен дәл осы мәселе бойынша семинар-кеңес өткіздік" - деді Мақтарал ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов.  

Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайын. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 4420 тонна жанар жағармай бөлініп, "Sapali Munai" ЖШС-і арқылы 1560 тонна,  "РосАзияНефть" ЖШС-і арқылы 1430 тонна, "Standart Oil Petrleum" ЖШС арқылы 1430 тонна жанар жағармай шаруаларға таратылуда.

Мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қосымша ауданымызға АҚШ-тан 16 дана "Джон-Дир" мақта терім комбайны сатып алынған. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биыл мақта терім комбайндарынан қиындықтар тумайтынын ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы атап өтті.

Жалпы жыл басынан бері мақтааралдық диқандар 414 миллион теңгеге лизингке және өз қаржыларына 40 дана әртүрлі жаңа техникалар сатып алған. Мұның бәрі күзгі жиын-терім науқанының сәтті өтуіне ықпалын тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы