Түркістан облысында 100 мыңға жуық отбасыға АӘК берілді

11 Қазан 2019, 01:53
1493
Бөлісу:
Түркістан облысында 100 мыңға жуық отбасыға АӘК берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 1 қазандағы есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек 99,7 мың отбасыға, нақты 577,8 мың адамға тағайындалған, деп хабарлады Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның ішінде 352,4 мыңы – балалар, 65,7 мың отбасы – көпбалалы. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді. 

Облыста АӘК төлеуге көзделген 60,7 млрд теңгенің бүгінгі таңда  71%-ы, яғни  43 млрд теңгесі игерілген.

«АӘК төлемдері мен жұмыспен қамту шаралары қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін көптеген отбасыға көмектесті. Мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан шынайы қолдау көрді, оның жартысы дерлік көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, кейбіреулері аз қамтылғандар санатынан шықты. Облыста жалпы 62,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, 1 мың адам кәсіпкерлікті дамытуға микрокредит алды, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін 74 көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар тұлғалар және жастар шағын несие алды. Сондай-ақ, бизнес идеяны іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1,2 мың грант берілді, соның ішінде оны 20 көпбалалы отбасы алды. АӘК-тің біржолғы төлем есебінен 5439 адам өз ісін ашты, оның ішінде 1909 адам - көпбалалы аналар», – деді Әсия Құралқызы. 

Алайда, АӘК-ті заңсыз тағайындауға алып келген 18 мыңнан астам отбасы өзінің нақты табысын жасырғандығы анықталған. Нәтижесінде облыста жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 3 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделіп, артық төленген 650 млн теңгенің 38,8 млн теңгесі қайтарылып отыр.

Өзгелердің жаңалығы