Түркістан қаласында үй аулалары абаттандырылуда

4 Тамыз 2020, 04:44
1222
Бөлісу:
Түркістан қаласында үй аулалары абаттандырылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы үй аулалары тұрғындарға ыңғайлы етіп абаттандырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарлады.

Түркістан қаласында көпқабатты үйлердің аулаларында жүргізілетін абаттандыру жұмысының эскиздік жобасын тұрғындардың өздері дайындап беруде. Яғни, аулалардағы ойын алаңшасы мен беседканың қайда орналасатынын және көгал мен ағаштардың қай жерде жайқалып тұратынын үй иелері өздеріне ыңғайлы етіп белгілеп береді. Абаттандыру жұмыстары сол азаматтардың нұсқауымен жүргізілуде. Жалпы облыс орталығында осындай әдіспен 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша барлық нысан тамыз айында толықтай аяқталатын болады. Қазірдің өзінде 5 көпқабатты үй ауласында ойын алаңшалары толығымен салынып біткен.

Осындай нысанның бірі Әл-Фараби көшесінде салынып жатыр. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 0,56 гектар. Бұл скверге 7200 шаршы метр газон, 25 дана ағаш және 1300 шаршы метр аумаққа гүл отырғызылмақ. Сондай-ақ, ойын алаңшасы, воркаут, жарықтандыру бағаналары мен орындықтар орнатылатын болады. Қазірде аумақта абаттандырумен қатар, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл нысандардың сапасына мердігерлер тарапынан 3 жылға кепілдік беріледі. Егерде ахау пайда болған жағдайда, мердігерлер өз есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Одан бөлек облыс орталығында республикалық бюджет есебінен "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы негізінде қалаға кіреберіс аумақтардың жол жиегін көркейту, гүлзарлар орнату, саябақтар және балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы