Түркістан қаласын абаттандыру 32 секторға бөлінген

10 Сәуір 2020, 00:36
2583
Бөлісу:
Түркістан қаласын абаттандыру 32 секторға бөлінген

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде оңтүстік өңірде азық-түліктің бағасын өсіруді болдырмас үшін шекті баға белгіленіп, бақылауға алынған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, шекті баға белгіленген 7-8 тауар түрі бар. Мәселен, бірінші сортты бидай - 169 теңгеден аспау керек, ал бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны - 155 теңге, күріш – 216 теңге, сиыр еті – 1910 теңге, тауық жұмыртқасы – 28 теңге, күнбағыс майы – 434 теңге, ас тұзы - 49, қарақұмық жармасы - 327 теңге болып белгіленген. Егер осы бағалар негізсіз көтерілсе, кез келген азамат тәулік бойы жұмыс істеп тұрған 109 Call-орталығына хабарлауына болады.  
Аталған тауарлардың шекті бағадан қымбатқа саудаланып жатқанын көрсеңіз, тиісті орынға хабарласуға немесе Телеграмдағы "Сonsumer protection kz" арнасына кіріп, тауар атауы мен дүкен атауы, аты-жөніңіз бен телефон номеріңізді және т.б. мәліметтерді қалдыруға болады. Бұдан бөлек, жергілікті ауыл немесе аудан әкіміне де тікелей хабарласып мән-жайды жеткізе аласыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, қазіргі кезде облыста қылмыс көлемі 30 пайызға төмендеген. Барлық қала бойынша азаматтарға себепсіз қыдырып жүрмеу керектігі ескертілген. 
Түркістан облысында карантин енгізілген жоқ, бізде тек қана шектеулер бар. Қаладағы бүкіл аула, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне дезинфекция жасап жатырмыз. Ал жекеменшік үйлерді азаматтардың өздері дезинфекциялауы керек. Өйткені, ол жеке мүлікке әкімшіліктің қызметкерлері кіре алмайды. Әр ауданда мамандандырылған дезинфекция компаниялары бар, соларды тауып тапсырыс берулеріне болады. Одан басқа, базарлар, шағын дүкендер тәулігіне күніне бір рет дезинфекциялауға міндетті. Шектеу режимін бұзған адамдарға СЭС мамандары тәртіптік шаралар көреді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес 233 хаттама толтырылып, жергілікті сотқа жолданған. Соттың шешімімен 157 тұлғаға 10 АЕК есебінде айыппұл салынды, 53 тұлға қамауға алынды, - деді ол.
 
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары карантин кезінде де азық-түлік пен тауарларды дәстүрлі түрде жеткізу жұмыстары тоқтатылмағанын айта кетті. 
Елімізде ірі қалалар жабық болса да азық-түлік облыс бойынша еркін жеткізілуде. Сондай-ақ бүгін біз сағат үште Сарыағаштан Нұр-Сұлтан қаласына "Біз біргеміз" деген жазумен қырыққабат көкөніс өнімі жөнелтілді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бізбен байланысқа өзі шықты. Ол өнім астананың сауда орындарында нарықтағы бағаға сәйкес арзан да, қымбат та емес бағамен сатылады, - деді Сәкен Амангелдіұлы.
  
Тағы бір жағымды жаңалық, кешеден бастап Түркістан қаласының маңайында жеміс ағаштары отырғызу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, алма, алмұрт, өрік пен шие көшеттері. Оның айтуынша, Түркістан аумағындағы "Жасыл белбеудің" көлемі екі есеге ұлғайтылып, үлкен орманға айналдырмақ. 
Бұл көшеттер күні ертең жайқалып өсіп, қала тұрғындары үшін демалатын орын болып қалады. Біз қазір тарихты жасап жатырмыз. Неге десеңіз, Түркістанның маңайы негізі құмды жер. Сол жерге көшеттерді отырғызып орманға айналдырсақ, бұл көне шаһардың климатын өзгертері сөзсіз. Себебі, ағаштар салқын тартады да ылғал пайда болады. Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексеріп шықты. Дәл осы мақсатта қала 32 секторға бөлінген. Әр сектор  аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бөлініп берілген. Олар тазалық пен абаттандыру жұмыстарын қарап отырады, - деді ол.
 
Еске сала кетсек, Түркістан маңында көлемі 8000 гектарға жуық жерге ағаш отырғызылған.  Мысалы 27-секторға "Жеңіс саябағы" берілген. Осы жерге ұлттық ойындар скверін орнату қолға алыныпты. 
Сквер 4 зонадан тұрады.  Жастарға шынығу үшін воркаут, үлкендер үшін шахмат, дойбы аумағын дамыту қолға алынды. Саябақта сонымен қатар ләңгі тебу, кітап оқу аймағы да салынады. Аталған жұмыстар мамыр айының аяғына дейін аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне беріледі, - деді Сәкен Қалқаманов. 

Өзгелердің жаңалығы