Президент: Тұрақтылық пен тыныштық – полицияның мінсіз қызметіне байланысты

23 Маусым 2020, 12:01
1338
Бөлісу:
Президент: Тұрақтылық пен тыныштық – полицияның мінсіз қызметіне байланысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "BIZ BIRGEMIZ" онлайн-форумы аясында құқық қорғау органдарының еңбегін ерекше атап өтті.

Құқық қорғау органдарының еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық – полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер. Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді. Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ретте ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекесі – Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын, - деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар, өзге сала мамандарының қызметіне де алғыс білдірді. 

Әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық. Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдеін еңсеріп келеміз. Баршаңызды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, - деді президент.

Мемлекет басшысы бұған дейін медицина қызметкерлеріне алғыс айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы