Тұрғын үй құрылысындағы отандық тауар өндірушілер үлесі 86% жетті

21 Ақпан 2019, 11:56
1935
Бөлісу:
Тұрғын үй құрылысындағы отандық тауар өндірушілер үлесі 86% жетті

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғын үй құрылысындағы отандық тауар өндірушілер үлесі 86%-ға жетті. Бұл жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде вице-министр Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 

«Осы жылдан бастап миллиондық қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін мың пәтердің құрылысы басталады. Құрылыс құнын арзандату үшін құрылыс алаңдарының инженерлік-коммуникациялық жабдықталуы бойынша шаралар қабылданып жатыр. 2019 жылы 13 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Осының арқасында 118 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады», - деді вице-министр. 

Оның айтуынша, тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан қолдау шаралары құрылыс саласының дамуын ынталандырады. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуы, отандық тауар өндірушілерінің құрылыс материалдары өндірісінің өсуі. 

«Отандық материалдарды жобалау және құрылыс барысында пайдалануға ерекше назар аударылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық өндірушілердің үлесі 77% құрады. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 5% артық. Оның ішінде, тұрғын үй құрылысында 86% жетіп отыр», - деді Өскенбаев. 

Вице-министр тұрғын үй құрылысындағы отандық тауар өндірушілердің үлесін алдағы үш жылда 90% жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Бұған Қызылорда облысындағы әйнек зауыты едәуір әсер ететін болатын. 

«2018 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 201 коммуналдық сектор желісі жаңартылды. Бұл коммуналдық желілердің тозуын 57% дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2019 жылы 175 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарланып отыр», - деді ИИДМ өкілі.

Ақмарал ШАҒАТАЙ

Өзгелердің жаңалығы