Түн жарымында көше кезіп жүретін жасөспірім көп

12 Ақпан 2019, 11:49
2559
Бөлісу:
Түн жарымында көше кезіп жүретін жасөспірім көп

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында ақпанның алғашқы онкүндігінде 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау үшін тәртіп сақшылары «Қадағалаусыздық» жедел алдын алу шарасын өткізді.

Өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс жиілеп тұр. Суық қаруды қалталарына салып жүретіндер де көбейді. Осыған орай, Ақтөбе облысында 1-10 ақпан аралығында  "Қадағалаусыздық" жедел алдын алу шарасы өтті. Ювеналдық полиция инспекторлары аулалар мен ойын-сауық орталықтарын аралап, 280-нен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықтады.

«Рейд кезінде 281 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Полиция бөлімдеріне 135 кәмелетке толмаған ақтөбелікті жеткіздік. Олардың ішінде 110-ы тұрғын жайдан тыс жерде түнгі сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін заңды өкілдерінсіз жүрген»,-деді Ақтөбе қалалық жергілікті полиция басқармасының инспекторы Ақмарал Мұрсалова.

Он күннің ішінде 9 жасөспірім полиция бөлімдеріне есепке алынған. Жоғарғы сынып оқушылары, колледж студенттерінің арасында тәртіпсіздік артып тұр.

«4 ата-ана бала тәрбиесіне жауапсыздығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  9 жасөспірім мен 14 қолайсыз отбасыны есепке алдық. Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау, кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта, ойын-сауық орындарда заңды өкілдерінсіз жүру деректерін анықтау, кәмелетке толмағандарға алкогольді, темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау, сондай-ақ, ересек тұлғалардың кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылыққа және қылмыс жасауға итермелеудің алдын алу мақсатында осы рейдті жүргіздік»,- деді Ақмарал Мұрсалова.

Аймақта соңғы аптада "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу шарасы да өтті. Облыс тас жолдарында 1 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, көлікті мас күйінде басқарған 28 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Жол сақшылары 20-ға жуық ақтөбеліктің өзгелерге қауіп төндіріп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін айтады. Жылдамдықты шамадан тыс асырғандар да көп. Олардың саны – 250.  

Әсел АБАТ
Өзгелердің жаңалығы