Республика бойынша сырқаттану деңгейі төмендеді – бас санитар

29 Сәуір 2020, 16:30
2217
Бөлісу:
Республика бойынша сырқаттану деңгейі төмендеді – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігінің Facebоок-тегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында елімізде соңғы аптада сырқаттану деңгейі 8-5,5% аралығында болғанын айтты.

Біз сәуір айында төтенше жағдай кезінде өңірлердің тыныс-тіршілігіне жауапты болған медициналық қызметкерлер, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан адамдар, елде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз еткен қарулы күштер құрылымдары мен әкімдік қызметкерлері арасында профилактикалық тестілеу жұмыстарын жүргіздік. Статистика бойынша сәуірде вирус жұқтырғандардың 52%-ы профилактикалық тестілеу кезінде анықталған адамдарға тиесілі, 14%-ы сырттан келген. Дәл осы сәуірде сырттан келген вирус жұқтыру көрсеткіші өскенін байқадық. Бұған біздің елмен көршілес мемлекеттерде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы себеп. 11%-ы денсаулығының төмендеуіне байланысты медициналық ұйымдарға жүгінгендерге тиесілі, - деді ол.

Бас санитар республика бойынша соңғы аптада 8-5,5% аралығында вирус жұқтыру деңгейінің төмендегенін мәлімдеді. 

Алайда, жекелеген аймақтардағы жағдай мәз емес. Көрсеткіш 0-40% аралығында. Бұл – ауру деңгейінің әртүрлілігін көрсетеді. Сондықтан, карантин талаптарын әлі де қатаң сақтау керек, - деді ол.

Айжан Есмағамбетова елімізде жұмысына қайта кіріскен кейбір мекемедегі медициналық талаптарға да тоқталды. 

Жұмысын қайта бастаған барлық мекеме санитариялық-дезинфекциялық режимді қатаң сақтауы керек. Әр өңірде бұл талаптарды бақылаумен айналысатын жедел штаб бар. Штаб құрамындағы мониторингтік топ барлық мекемедегі санитариялық талаптардың сақталуын бақылауда ұстайды. Егер сақтық шаралары тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда, мекеменің жұмысын тоқтатуға қатысты әкімшілік шара қолданылады. Себебі, мекемелердің ашылуы кезінде санитариялық-дезинфекциялық режимнің, арақашықтықтың сақталуы, жеке қорғаныш заттарының болуы әлі де маңызды болып қала бермек, - деп түсіндірді спикер.

Бас санитардың айтуынша, әзірге талап бұзған мекемелер тіркелмеген.

Өзгелердің жаңалығы