Сырдария ауданында кәсіпкерлік саласында дамудың оң динамикасы сақталды – әкім

30 Қазан 2020, 12:22
2731
Бөлісу:
Сырдария ауданында кәсіпкерлік саласында дамудың оң динамикасы сақталды – әкім
Сұхбат

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сырдария ауданында биыл қандай жарқын жетістіктер мен берекелі бастамаларды ауыз толтырып айта аламыз? Аудан халқы мемлекеттің қамқорлығын сезініп отыр ма? Бұл жөнінде аудан әкімі Талғат Дүйсебаев бізге берген сұхбатында кеңірек айтты. 

– Талғат Тұрсынұлы, Сырдария ауданына әкім болып келгеніңізге екі ай болды. Бұған дейінгі аудан басқарудағы тәжірибеңізді білеміз. Осы ретте, алғашқы сұрағымызды Сырдария ауданының ерекшелігінен бастасақ? 

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Сыр – Алаштың анасы» деп өңірімізге жоғары баға бергені белгілі. Сол себепті де бұл аймақ ауызбірлігі бекем, татулығы тұрақты облыс саналады. Оның ішінде, Сырдария ауданы – елі ырысты, жері күрішті мекен. Бұл ауданның аймақтағы алдыңғы қатарлы өлке екенін бұған дейін де білемін. Өйткені, тұрақтылықты ту еткен аудан халқы бекем бірліктің арқасында дамудың даңғыл жолын қалыптастырған. Ұлы өзенмен аттас аудан дарияны жағалай орналасып, негізгі кәсіп көзі егін және мал шаруашылығы болып табылады. Аграрлы аудан ретінде ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде Сырдың басты дақылы – күріштен жыл сайын қамбаға мол өнім құйып келеді. Соның нәтижесінде, облыстың жоғары жетістікке жетуіне сырдариялықтар айтарлықтай үлес қосуда. 

Сырдария – алыптарға алтын бесік болған мекен. Бұл жерден ел қадірлеген көптеген тұлғалар, дарын иелері, қайраткерлер шыққан. Қазақ сатирасының сардары Асқар Тоқмағамбетов, ерекше талант иелері Қалдай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішев, сахна падишасы Сабира Майқанова, Кеңес Одағының батырлары Жаппасбай Нұрсейітов, Нағи Ілиясов, көптеген Социалтистыік Еңбек Ерлері, дарынды ақын-жазушылар мен қайраткер тұлғалар осы топырақтан түлеген. Сондықтан бұл аудан қасиетті, киелі өлке саналады. Бір сөзбен, Сырдария ауданын таланттардың өлкесі десем артық айтқандық емес. 

– Ауданның аграрлы саладағы жетістіктері айқын. Биыл өңірде су тапшылығы орын алса да, сырдариялық диқандар мол өнімге қол жеткізді. Ежелден ауыл шаруашылығына маманданған ауданның биылғы жиын-терімі қалай болды? 

– «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді дана халқымыз. Осыны білетін ауданның диқандары уақытпен санаспай еңбек етудің нәтижесінде зор жетістікке жетті. Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 21,1 мың гектар жерге егілді. Орта есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 134,2 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Өз кезегінде жоғары өнім Сыр өңірінде рекордтық көрсеткіштің жаңаруына септігін тигізді. Бұл ретте, аудан диқандарының мерейі үстем.  

Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы орын алуда. Осыған байланысты алдағы уақытты біз суды аз қажет ететін майлы дақылдар, көккеніс-бақша және мал азығындық дақылдарға басымдық беретін боламыз. Сол бағытта ауданға қарасты Іңкәрдария ауылында 5-10 гектар жерге заманауи технологияларды пайдаланып, бақша дақылдары тұқымын өндіру, өсіру жоспарымызда бар. Осы мақсатта аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 18,5 гектар жер учаскелері – аграрлық индустриялдық аймақ болып белгіленді. 

– Егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да ауданда дамып келе жатқанынан хабардармыз. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? 

– Ауданда жыл артқан сайын төрт-түлік мал басы артып келеді. Биылғы жылдың 9 айының қоыртындысымен мүйізді ірі қара 1,7, жылқы 0,8, түйе 0,2, қой мен ешкі 0,2 және құс 5,1 пайызға көбейді. Осы жылдың 1 қыркүйегіне ет өндірісінде 0,7, сүт өндірісінде 0,9 пайыз өсім қалыптасып отыр. Жұмыртқа өндіру 1,6 пайызға артты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әулетін арттыру бағытында аудандағы «Шаған Жер» ЖШС «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп, «Шаған Агрофуд» бірлескен кәсіпорнын құрып, 3000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға арналған кешен құрылысы салынған. Бүгінгі күні серіктестікте 110 бас мүйізді ірі қара малы бордақылануда. Алдағы уақытта осы кешеннің жұмысын жандандыратын боламыз. Жыл соңына дейін мал бордақылау кешенінде ірі қара мал басын 300 басқа жеткізуді жоспарланып отыр. Алдағы жылы оданда артатын болады. Сондай-ақ, Бесарық ауылдық округінде «Абай Даулет» ЖШС құны 300 млн теңгені құрайтын уақ мал басын көбейту, қуаттылығы 5000 бас аналық қой, 10 000 бас қозы бордақылау алаңы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 5857 бас асыл тұқымды қой малын күтіп бағуда және қойдың санын 5 жылда 20 000 басқа көбейтіп, экспортқа сапалы қой етін шығаруды жоспарлауда. 

Мал шаруашылығын дамытуда біз шалғайдағы Қызылқұм, Арысқұм, Сарысу өңірлерінің жайылымдықтардың мүмкіншіліктерін пайдаланатын боламыз. Аудан бойынша жүргізілген түгендеу нәтижесінде жалпы саны 404 скважина мен құдықтар бар. Оның ішінде 89-ы жарамды. Алдағы жоспарымызда осы скважиналар мен құдықтарды қайта іске қосып мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген кәсіпкерлерге осы аумақтардан жайылымдық жерлер табысталады. 

– Экономиканың басты драйвері – кәсіпкерлік екені анық. Бұл салаға биыл әлемді дендеген пандемияның кері ықпалы болды. Осы орайда, аудандағы кәсіпкерлік саласының даму көрсеткіші қандай? 

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда осы кәсіпкерлік саласына қатысты «Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пан¬демияның зардабы осы салаға ауыр тиді» деп атап өтті. Десе де қалыптасқан жағдайда ауданда кәсіпкерлік саласында дамудың оң динамикасы сақталды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуды және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді десек, биыл есепті кезеңде 2515 шағын және орта кә-сіп¬керлік субъектілері тіркелсе, жұмыс жасайтын субъек¬тілердің саны 2278 бір¬лікке жеткізіліп, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 90,6 пайызды құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,5 пайызға өсіп отыр. Жалпы жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдаудың барлық бағдарламалары бойынша 952,3 млн теңгенің 403 жобасы қаржыландырылып, 414 жұмыс орны құрылды. Аудан бойынша өңдеу өнеркәсібінде 28 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Оның ішінде, 6-ы құрылыс материалдарын шығарумен, 9-ы күріш өндірумен, 4-і жеңіл өнеркәсіп саласымен айналысса, 9-ы тағы басқа салаларды қамтиды. 

Жыл аяғына дейін ауданда 60 млн теңгені құрайтын «Құрама жем шығару зауытын ашу» және құны 80 млн теңгені құрайтын «Ұн өндіру» жобалары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен іске қосылады. Нәтижесінде, 25 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, 2021-2023 алдағы жылдары «Ақжарма-2»  шаруа қожалығында құны 370 млн. теңге құрайтын «Күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауыттарын іске қосу, жылыжай және бау-бақша сақтайтын қойма салу» жобасын іске асырылмақшы. Жоба аясында 33 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінгі таңда бұл жобаның күріш тазалайтын цехы іске қосылып, 3 адам жұмысты болған. Сондай-ақ, «Шаған» шаруа қожалығының 20-22 жылдары «Қуаттылығы жылына 630 тонна күріш ақтау цехының құрылысын салу» жобасы индустрияландыру картасына енгізілді. Құны 150 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асса, айына 70 тонна күріш ақталып, 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Келер жылы аудан бойынша құны 233 млн теңге құрайтын 6 ірі жоба жүзеге асыру жоспарымызда бар. 

– Өңірде ауылдарды сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі іске асырылуда. Бұл бағытта аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 

– Бір атап өтерлігі, ауданға маған дейін басшылық қызметте болған әкімдер аудандағы біраз мәселенің шешімін табуға жұмыс жасаған. Оның ішінде, аудандағы әлеуметтік нысандардың жаңғырып, жаңаруына, жолдардың жөнделуіне жұмыс істеген. Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамту бағытында да айтарлықтай жұмыс бар. Бүгінгі таңда ауданда Жетікөлден басқа барлық елді мекен тәулік бойы сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейтуге биыл 144 млн теңге  көлемінде қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар бүгінде аяқталуға жақын. Аталған жұмыс сапалы іске асқанда ауданда таза ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін табады. Осы ретте, ауданда «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында 19 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. 

– Енді сырдариялықтарды алаңдатқан сауалды қойсам. Ол көгілдір отынға қатысты. Жалпы, ауданға газ қашан беріледі? 

– Жалпы, Тереңөзек кентін газдандыру жұмысы өткен жылы басталды. Жоба құны 2 млрд 440 млн теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін аудан орталығында жоғарғы қысымдағы және орта қысымдағы жер асты газ құбырлары толық жүргізілді. Жоспарланған 6 дана газды басқару пункттері  және 1497 дана  газды басқару шкафтар орнатылды. Осы орайда, жергілікті бюджет есебінен 13 нысан, оның ішінде 9 әлеуметтік нысан қазандықтары газға бейімделді. 

Жұмыстар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен қабылданып, «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына өткізеді. Ал «Қызылорда газ тарату жүйесі» кәсіпорны тұрғын үйлерге және ғимараттарға газды қосуға рұқсат беру, газ құбырлары мен қондырғыларын күтіп-ұстау және авариялық қызметтерді атқаратын болады. Бүгінгі күні мекемеде 3 маман жұмыс жасауда. Алдағы уақытта газ пайдаланушы абоненттердің көлеміне қарай 15 маманға дейін қызмет көрсететін болады. 

Тұрғын үйлерге газ кіргізу қызметтерін «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС және 4 кәсіпкер атқаруда. Қазіргі таңда 193 тұрғын жай газдандыруға бейімделген. Жалпы, бір тұрғын үйге газ құбырын тарту, газға арналған қазандық орнату жұмысы орташа бағамен 350 000 теңгені құрайды. 

ЖШС тұрғын үйлерге газ кіргізу төлемін үш айға бөліп төлеу мүмкіндігін және «Еуразиялық банк» және «Банк Хоум Кредит» арқылы несилердіруді  қарастырып отыр. Қосымша осы кәсіпкерлермен алты айға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруға келіссөздер жүргізілуде. Негізінде, жыл аяғына кент тұрғындары газды пайдалана бастайды. 

– Коронавирус инфекциясы әлем халқын әбігерге салып қойды. Биыл көктемде орын алған жағдай еліміз үшін үлкен қауіп төндірді. Енді содан сабақ алуғатиістіміз. Аладғы уақытта жұқпалы індеттің екінші толқыны болуы ықтимал. Бұған дайындық жұмыстары қалай? 

– Шындығында бұл індет баршамызға қауіп төндіргені анық. Сондықтан оның алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Атап айтқанда, биылғы жылдың 7 қазанынан бастап аудандық ауруханадан 25 төсек орындық оқшауланған фильтр бөлімшесі ашылып, 2 палата жан сақтау  шараларын жүргізу үшін жабдықталды. Коронавирусты инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында арнайы құрылған мониторингтік топтармен 378 нысандарға түсіндірме жұмыстары,  205-не ауызша ескерту және 34-не әкімшілік айыппұл салынды. Болжамды короновирус инфекциясының екінші толқынына байланысты аудандық ауруханадан (туб.диспансер) 70 орын провизорлық стационар, 30 орын КВИ инфекциялық стационар ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандық «Жалын» тынығу лагерінде 100 төсек орын карантиндік стационар жұмыс жасауға дайын. Аудан тұрғындары арасында дене қызуы көтерілген және КВИ инфекциясына күдікті науқастарға арнайы баратын 12 мобильді топ және 4 жедел-жәрдем бригадасы құрылды. 

Аудандық ауруханадағы қажетті дәрі-дәрмектердің және жеке қорғаныш құралдарының қоры жыл аяғына дейін жеткілікті. Жалпы, аудан бойынша 13 дәріхана бар. Дәріханаларға қажетті дәрілер уақытылы жеткізілуі мен баға тұрақтылығы аудан әкімдігінің тарапынан қатаң бақылауға алынған. Сонымен бірге, карантин кезеңінде жанашыр жандар індетті жеңуге ерекше атсалысты. Мәселен, ауданның жомарт жандары, демеушілер тарапынан 20 млн теңгенің үстінде (дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, азық-түлік және т.б. заттармен) қолдау көрсетілді. Оған қоса, кәсіпкерлеріміз пандемия кезінде сұраныс қажеттілігіне орай бейімделіп көптеп бет перделер тігуді қолға алды. 

Біз алдағы уақытта қауіпті кеселен сақтану бағытында жұмыстарды атқара береміз. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жаңа бастамаларды қолға алып, өлкені өркендету жолында барлық мүмкіндікті пайдаланатын боламыз. 

– Талғат Тұрсынұлы, маңызды сұхбатыңызға рахмет. Аудан өсіп-өркендей берсін.


Өзгелердің жаңалығы