Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

16 Маусым 2021, 13:37
6108
Бөлісу:
Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік өңірінде мемлекеттің қарамағына алынған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көп. Соның бірі – Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі. Парк 2012 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің қаулысымен құрылған. Осылайша Арыс, Боралдай, Түркістан аумағында орман  және  жануарлар  дүниесін  қорғайтын парк дүниеге келді. Мақсатымыз – осы табиғи саябақтың қазіргі тыныс-тіршілігін оқырманға кеңінен таныстыру.

Аталған парктің жалпы жер көлемі – 119 978 гектар. Оның ішінде Түркістан филиалы – 23 822 гектар, Сырдария  филиалы – 59 901 гектар, Боралдай филиалы – 36 255 гектар. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық проблемаларға жол бермеу барша азаматтың парызы. Әсіресе табиғат баурайындағы онсыз да сиреп бара жатқан аң-құс, өсімдіктер, су көздерін сақтап қалу – болашақ ұрпақ алдындағы парыз.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Айта кетейік, бұл саябақтың негізгі мақсаты – Сырдария және Арыс өзендерінің екі жағалауы мен Боралдай жотасының табиғи қалпын сақтау, табиғи кешендер мен мемлекеттік қорықтар, көрікті жерлер мен ерекше құндылығы бар өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, мәдени-тарихи ескерткіштерді экологиялық ағартушылық, ғылыми, туристік мақсатта тиімді пайдаланып, сақтау.

                                                           Бұхар бұғылары тұқымбағы

Осы орайда біз жуырда Сырдария өзенінің жағасындағы мемлекеттік Қызылшаруа орманшылығы жеріндегі «Бұхар бұғылары тұқымбағына» бардық. Бұғы өсіретін тұқымбақ Бүкілдүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен және Алматы, Мәскеу қалаларындағы зоология ғалымдарының ұйғарымдарымен 1999 жылы құрылған. Бұғы өсіретін жер Қызылшаруа орманшылығы №22 орамында орналасқан. Тұқымбақтың аумағы 2 гектар, биіктігі 3 метр темір тормен қоршалған. Вольер аумағын 2010 жылы 20 гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізіліпті. Бұхар бұғылары тұқымбағы бір жағы темір тормен, қалған жағы табиғи Сырдария өзенімен қоршалған Бұғы түбекте орналасқан.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

2011 жылы Бұхар бұғылары тұқымбағының жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғышыларға пайдалануға берілген. 2012 жылы Бұхар бұғылары тұқымбағы аумағын күзетуге жән Бұхар бұғыларының қауіпсіздігі мен санын бақылап отыруға «бейнебақылау» орнатылды. Бүгінгі таңда бейнекамера қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қосымша 2 дана фотофиксаторлар жұмыс істеуде. Бұхар бұғыларын күтіп-баптайтын 4 штаттық бірлік бар, яғни 1 бұғышы, 2 бұғышы көмекшісі, 1 мал дәрігері жұмыс атқарады.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Қазіргі уақытта Бұхар бұғылары тұқымбағында 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін жалпы саны 174 бас бұхар бұғылары күтіп бапталуда. Олардың 93 бас бұғы ішкі қоршауда, қалған 81 басы қоршалған аумақта мекендейді.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Федор Бочаревтың бұғы бағуға келгеніне бір жылдың жүзінен асты. Ол осы уақытта бұғыларға жем-суын беріп, өзіне әбден үйретіп алған. Қазір күн ыстық болғандықтан бұғылар су ішуге таңғы алты болмай келіп алатынын айтты.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Бұғышы болудың алдын 8 жыл инспектор болып істедім. Мұнда біз бұғылардың санын көбейтіп сыртқа тоғайға, табиғатқа жібереміз. Дәл қазір іште 90 бұғы, ал сыртта есеп бойынша 150-200 жобасындай бұғы бар. Іште жүрген үш бұғы бұзаулады. Сырттағы бұғыларды инспекторлар бақылайды. Іште көбейтілген бұғыларды бұған дейін Шүбірліге және Балқашқа екі рет жіберген. Қазір тағы да Балқашқа бұғы жіберу қарастырылуда. Шәуілдір елді мекені туған жерім ғой. Бала күнімде шамамен 1974-75-ші жылдары Арал жақтан бұғылардың жүргенін көргенмін. Кейіннен жоқ болып кетті. Қазір осы бұғылар даланың, табиғаттың сәнін келтіріп тұр, бұлардың тұқымы жойылып кетпес үшін көптеген жұмыстар жасалынып жатыр, - деді Федор Бочарев.
Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Оның айтуынша, Сырдың жағасындағы саябақта бұғыдан басқа жабайы шошқалар яғни 8 торай, 7 елік, одан басқа борсық, шибөрілер де кездеседі.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Жабайы табиғатта мекен етіп жүрген аңдардың нақты санын білмейміз, тек даусынан санаймыз. Бұғылар қазіргі таңда Қазақстанның және Халықаралық  табиғат қорғау одағының Қызыл кітаптарына еніп, қорғауға алынды. Оның биологиялық ерекшеліктері – аналықтарында мүйізі болмайды. Аталықтарында бес бұтақты мүйіз болады. Мүйізі жылма жыл түсіп, ауысып отырады. Күйге түсу тамыздың аяғынан қазанның басына дейін өтеді. Мамыр, маусым айларында бұзаулайды, - деді бұғышы Ф.Бочарев.
Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Картоп қосылған жем-шөбін жеуге келген бұғылар алғашында менің бөтен екенімнен қорқақтап, темір қоршауға әрең дегенде келді. Жемін жеп болған соң дала маралдары бергі беттегі су құйылған науаға жақындады. Бұл жолы Сыр сұлуы кері маралдарды үркітіп алмас үшін шөп арасына жасырынып, жақыннан фотоға түсіру сәті бұйырды.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

                                                                    Қырғауыл бағы

Бұдан кейін біз Cырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркіндегі 2017 жылы ашылған қырғауыл асырайтын тұқымбағына бет алдық. Фазанарий қырғауыл санын көбейту мақсатында ашылыпты. Онда құстар балапандап, буыны бекіген соң бостандыққа жіберіледі. Бір қызметкер бекітілген. Бақташы Мұрат Қошқарбаев бізге қырғауылдың тұқымы жойылып кетпеу үшін көбейтіліп, құстардың далаға жіберілетінін айтып өтті.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Осы жерде қырғауыл тұқымбағында екі жылдан бері еңбек етіп келемін. Мақсатымыз – қырғауылдың тұқымын көбейтіп, саябақтарға, тоғайға, дендробаққа жіберу. Бұл арада қазір 190 қырғауыл бар. Балапандарын бастырып, соларды осы жерге әкеліп көбейтіп, сосын тоғайларға жібереміз. Бақтың сыйымдылығы - 2 гектар жер. Қырғауылдарға көбіне бидай, жүгері, дәнді дақылдар шашып тұрамыз. Түнгі жарықта шыбын-шіркейлерді де жейді. Суыққа төзімді, жабайы құс болғандықтан қыс айларында да тіршілік ете алатын жергілікті құстарға жатады. Былтыр сыртқа бірінші рет 40 шақты қырғауылды жібердік, - деді бақташы Мұрат Қошқарбаев.
Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк


Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Қошқарбаевтың айтуынша, орманның байлығын браконьерлерден орманшылармен бірге қорғайды. «Қырғауыл бағына» санына қарай тұқым бастыратын қырғауылдарды ғана қалдырады да, қалғанының бәрін күзде еркіне жібереді. Қырғауылды тоғайға жібермес бұрын алдымен мамандар келіп сараптамасын алады, яғни қырғауылдар өз бетінше өмір сүріп кете алатындай болған кезде ұшырылады.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

                                                         850 өсімдік түрі кездесетін Сыр бағы

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ерекше қорғалатын бұл саябақта өсімдіктің  850  түрі бар. Оның ішінде 42 түрі Қызыл кітапқа енген. Атап айтқанда, кәдімгі күнбағыс, арша (зерившан тұқымдасы), семсершөп, шаянот, грейг қызғалдағы, сиверс сортына жататын алма, қоғажай т.б. Сыр бойындағы саябақта сонымен қатар сүтқоректілердің шамамен 46 түрі мекен етеді, олардың 5 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген, яғни тас сусары, архар, үнді жайрасы, ақ бауыр жарқанат, кеңқұлақты жарқанат жатады. Ал Сырдария өзенінде балықтың 40 шақты түрі кездеседі, төрт түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Тасбекіре, шортан, ақмарқа, аралдық және түркістандық балықтар бар. Бағалы кәсіптік балықтардан ақ амур, ақмарқа, аралдық қаяз, табан, сазан, дөңмаңдай балық, жайын және кәдімгі көксерке кездеседі.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Сондай-ақ Сырдария өзенінің бойында ерекше әрі сирек кездесетін Тораңғы ағаштары өседі. Бұл ағаштар да құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғаны орманшыларды алаңдатып отыр.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Бұғышы Федор Бочарев парк аумағында балықты токпен аулайтындардың көптеп кездесетінін, электрге ұрынған балықтың бұдан кейін табиғи жолмен ұрықтанып көбею қабілетін жоғалтатынын айтып қынжылды. Бұхар бұғы тұқымбағы мен қырғауыл бағының айналасы ну орманды жер, Сыр өзенінің жағасында орналасқан. Әрине мың гектарға жуық табиғи байлықты қорғау инспекторлардың мойнына жүктелген.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Мен осы парктің 20-24 орамының инспекторымын. Біз осы арадағы 942 гектар жердің қауіпсіздігіне қараймыз, өрттен, туристерден қорғаймыз. Күнделікті таңертең және кешке бір айналып шығамыз. Әрине әр жұмыстың өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Орман қорғауды мойнымызға жауапты етіп алғаннан кейін жұмысымызды тиянақты орындауға тырысамыз. Бұл жерді өзіміздің жекеменшік көлігімізбен аралап шығамыз. Көліктің жанар-жағар майын да өзіміз құямыз. Отбасыммен осында тұрамын. Осы ауылда туып-өскендіктен әрбір қыр-сайын жатқа білемін. Туған жерге қызмет еткім келді, отбасын да асырау керек, табиғатты да қорғау парызымыз екенін естен шығарған жоқпыз. Қорғауымызға аң-құстардан қырғауыл, елік, бұғы, түлкі, шибөрі, қоян, т.б. кіреді. Ал жасыл желектерден әсіресе тораңғы, шеңгел, табиғи тоғайда өсетін жыңғылдарды өрттен қорғаймыз. Браконьерлерді ұстаған жағдайда акт жазып толтырамыз. Айыппұл көлемін бабына байланысты төлейді. Мәселен от жағып отырған болса, 100 айлық есептік көрсеткіш төлейді, - деді инспектор Жасұлан Ордабайұлы.
Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-нің аумағында сұғанақтыққа қарсы күресті күшейту барысында яғни заңсыз аң аулау, заңсыз ағаш кесу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жерге заңсыз кіру т.б. заңсыздықтардың жолын кесу мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қатыстыра отырып, бірлескен арнайы рейдтер ұйымдастырылды. Нәтижесінде бөлім мамандары мен филиалдардың мемлекеттік инспекторлары тарапынан сұғанақтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында жыл басынан 300 рейдтік тексеру жұмысы жүргізіліп, 152 заң бұзушылық анықталды.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Оның 20 оқиғасы ағаштар мен бұтаны заңсыз кесу, 17 оқиғасы анықталмаған. Заңсыз аң аулау – 9 оқиға, 5 ескерту. Басқа да орман заңдылықтарын бұзу – 13, ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) ережесін бұзу – 106, балық аулау және балық қорын қорғау ережелерін бұзудың – 4 оқиғасы анықталды. Барлығы 130 оқиға бойынша 1093,0 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 126 оқиға бойынша 992,7 мың теңгесі өндірілген. Келтірілген залал бойынша 32 оқиғаға 687,9 мың теңге талап арыз беріліп, 12 оқиға бойынша 167,8 мың теңгесі өндіріліпті.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

                                                           Туристерге билет бағасы – 491 теңге

Жалпы «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне» турист ретінде қызығып келушілер саны қандай? Сұраныс бар ма деген сауалға аталған парктің туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев өткен жылы өңірлік парк аумағына 3782 адам келгенін айтты. Яғни демалушыларға қызмет көрсетуден парктің ақылы қызмет көрсету есеп-шотына 4 905 005 теңге түскен. Оның ішінде осы Сырдария аумағына 2877 адам келген. Биыл келушілерге билет бағасы – 491 теңге болып бекітілді.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Өткен жылы жеке және заңды тұлғаларға 125 дана орман билеті берілген. Мал жайылымы бойынша 101 дана, шөп шабу бойынша 17 дана, бал арасын орналастыру бойынша 7 дана «орман билеті» жазылып, бюджетке 2989,4 мың теңге түсіпті.

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк

Сыр бойындағы бұғылар мен қырғауылы бар табиғи парк


Өзгелердің жаңалығы