Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлағандарға берілетін сыйақы қалай есептеледі?

28 Наурыз 2019, 16:07
3162
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлағандарға берілетін сыйақы қалай есептеледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлағандарға берілетін ынталандыру сыйақысы қалай есептелетінін айтты.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жәрдемдесу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу үшін кейіннен маңызы болған өзге де жәрдем беруді қамтиды.

Сыйақы беру адам берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты:
1) әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген;
2) айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес ынталандыру құқық бұзушылықтың санатына қарай белгіленеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін ынталандырылады.

"Азаматтарға онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарламалары үшін – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы – 50 АЕК, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тиісінше 70 АЕК және 100 АЕК беріледі", - деп атап өтті Арман Бердалин.

Біржолғы ақшалай сыйақыдан бас тартқан жағдайда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер белгіленуі мүмкін.

Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша әрбір адам Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми хатпен немесе Ұлттық бюроның және оның аумақтық департаменттерінің кезекші бөлімшелеріне және еліміздің барлық өңірлері үшін қолжетімді және аптасына 7 күн тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 - Call орталығына хабарласа алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин сыбайлас жемқорлық үшін еселенген айыппұл түріндегі жазамен қанша адам сотталғанын айтты.  

Сондай-ақ, ол жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлағандарға 4,5 млн теңге берілгенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы