Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті
2 Желтоқсан 2021, 18:18 148

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Комиссия отырысында инфрақұрылымды дамыту бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы қарастырылды.

Аталған бағдарламаның іске асырылуы бірқатар саланы дамытуға, атап айтқанда, ішкі жалпы өнімді арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, транзит көлемін көбейтуге ықпал етті. Одан бөлек жаһандық экономикалық дағдарыстың әсерін азайтуға да септігін тигізді.

Дегенмен, мемлекеттік органдар мақсатты индикаторлар мен нәтижелердің бәріне бірдей қол жеткізбеген.  Бұдан бөлек құқық қорғау және бақылаушы органдар жекелеген қаржылық құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ бюджет қаржысының тиімсіз жоспарланғанын анықтаған.

Жиында аталған мәселе жан-жақты талқыланып, оны шешуге және алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол жібермеуге қатысты нақты ұсыныстар берілді.

Комиссия отырысында орта және жоғары білім беру бағытын дамытуға бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуына қатысты жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы да талқыланды.

Аталған бағытта Есеп комитеті бірқатар проблеманы анықтады. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктері 250 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген.

Кемшіліктерді жою үшін Білім және ғылым министрлігіне, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдеріне қатысты қатаң шара қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру барысында қаржы жымқыру, қызметін асыра пайдалану секілді заң бұзушылықтарға жол берілмеуі қажет екеніне назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев талқыланған мәселелер жөнінде мемлекеттік және атқарушы органдарға бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...