Бас жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлық. 3 жылда 120-дан астам делдал сотталды
09 Сәуiр 2020, 22:04 131

Сыбайлас жемқорлық. 3 жылда 120-дан астам делдал сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Аппарат басшысы Қуаныш Жапақов онлайн-брифингте соңғы үш жылдағы парақорлыққа делдалдық фактілері туралы мәлімдеді.

Парақорлыққа делдал болу фактілері бойынша 2017 жылдан бастап 2020 жылдың 3 айы аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 200 қылмысты (2017 – 84, 2018 – 68, 2019 – 42, 2020 ж. 3 айы. - 6) тіркеді.

Соңғы үш жылда және 2020 жылдың 3 айында делдалдық үшін 124 адам сотталды, соның ішінде 21 адам бас бостандығынан айырылып, 6 адам бас бостандығын шектеуге және 84-і – айыппұлға сотталды, - деді Қ. Жапақов.

Ол атап өткендей, Агенттік бұл бағытта сыбайлас жемқорлықты жалпыға бірдей қабылдамауды қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық мәдениетін және мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыруға бағытталған жүйелі алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Алдын алу шараларымен қатар жазаның бұлтартпастығы сыбайлас жемқорлықпен күресу ісіндегі маңызды қағидат болып қалуда.

Мысалы, 2019 жылы тамыз айында Қостанай облысында "Вадиса М." ЖШС-на қосымша жер телімін ресімдеу үшін Қостанай қаласының Жер қатынастары бөлімінің басшысы А. Амановқа 2,2 млн. теңге көлемінде пара беру фактісі бойынша РФ азаматы Т.Ниякина 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы сот үкімімен аталған бөлімнің жер телімдеріне құқықтарды ресімдеу секторының бұрынғы меңгерушісі А. Қоңырбаев делдалдық жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қостанай қаласының Жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы А. Аманов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлық аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Өз кезегінде, Аппарат басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленетіндігін еске салып өтті.

Ағымдағы жылдың 3 айында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған 44 адамға жалпы сомасы 7 млн 227 мың теңге сыйақы берілді, - деді Қ.Жапақов.

Мысалы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқарма қызметкерінің өтініші бойынша тексеру актісіне қол қойғаны үшін ұялы телефон нөміріне 1 мың теңге сомасында теңгерім түрінде заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін Полиция департаментінің маманы Л. әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен азам. Л. ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 353 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.

Өз кезегінде, өтініш беруші сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Осы секілді, Ақмола облысында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталушы, жазасын өтеу орнын ауыстыру және өзін ұстау жағдайларын жақсарту мақсатында режим бөлімінің жедел уәкіліне 300 мың теңге сомасында пара беруде кінәлі деп танылды.

Жедел уәкіл 50 АЕК (немесе 126 250 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақымен көтермеленді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...