Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Парасатты отбасын" анықтайды

17 Қазан 2019, 11:32
3931
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Парасатты отбасын" анықтайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Парасатты отбасы" байқауын өткізеді. Бұл туралы "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабай Агенттік алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Оның айтуынша, байқау "Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсесі аясында парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты парасатты тұлғаны дамыту, озат-ойлы, парасатты, қайырымды оқушыны анықтау мақсатында өткізіледі.

"Байқау еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі. Байқауға парасатты, қоғамда белсенді, ой-өрісі кең, кәсіби біліктілігі жоғары тұлға жанұясымен қатыса алады. Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен азаматтық ұстанымдарына назар аударылады", - деді Қарғабай.

Оның сөзінше байқауға абыройлы, парасатты және қоғамдық жұмыстарда белсенді, креативті, жаңашыл, парасатты, қайырымды әрекетімен көзге түскен отбасылар қатыса алады. Балалар қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, парасатты, отбасы құндылықтарын қадірлейтін, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттер оқыған болуы керек.

Байқау екі кезеңнен тұрады: аудандық (қалалық) кезеңде қатысушылар "Отбасымның тарихы" деген тақырыпта әр жанұяның өз ата-бабалары туралы әзірлеген зерттеу жұмыстары бағаланады. Облыстық кезеңде қатысушылар "Менің отбасым" тақырыбында бейнероликтерін әзірлейді. Бейнесюжеттер арқылы сайыскер отбасылардың еңбектегі, оқудағы жетістіктері мен отбасылардың әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларға қаншалықты мән беріп, бос уақыттарын қалай өткізетіндігі жайында пайдалы да өнегелі мәліметтерді ұсынады.

Бейнероликтің бағыттары:

1) отбасы шығармашылығы – отбасылық бос уақытты, отбасылық жобалық қызметін, отбасы шығармашылығын ұйымдастырудағы технологияларды дәріптеу;
2) отбасылық туризм – туған өлке бойынша саяхаттар мен экскурсиялар;
3) ұрпақтар естелігі – аға ұрпақтың өмірінен жауынгерлік және еңбек тәжірибесін кейінгі ұрпаққа беру бойынша ардагерлік ұйымдармен, қоғамдық ұйымдармен, қозғалыстар мен бірлестіктермен өзара қарым-қатынасы.
4) отбасылық бастама – аулаларды абаттандыру, отбасылық мәдени бос уақытын өткізуге, дене шынықтыру мен сауықтыруға жағдайлар жасау бойынша жобаларға қатысу.
5) "Отбасы туралы сөз" - БАҚ-пен өзара қарым-қатынас, баспа материалдарын жариялау, отбасылық құндылықтарын насихаттау бойынша бейнефильмдер шығару, очерктер жазу.

Байқауды қорытындылаған кезде, қазылар алқасы үздік деп танылған жанұяларды "Парасатты отбасы", "Көптілді отбасы", "Үздік оқырман отбасы", "Интеллектуалды отбасы", "Шығармашыл отбасы", "Шеберлер отбасы", "Өнерлі отбасы", "Жомарт отбасы", "Саяхатшы отбасы" номинациялары бойынша анықтайды. Жеңімпаздар І, ІІ және ІІІ орындарға ие болып, бағалы сыйлықтар табысталады. 

Республика деңгейінде үздік деп танылған отбасылар Агенттікпен ұйымдастырылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған ауқымды іс-шарада марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы