«Сыбағаңнан» құр қалма, кәсіпкер!

13 Мамыр 2019, 17:04
3206
Бөлісу:
«Сыбағаңнан» құр қалма, кәсіпкер!

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлегені мәлім. Ол өзіміздің тауардың шет елге экспортталуын көтеруді көздейді. 

Осы бағытта мүйізді ірі қара етінің шет мемлекетке тасымалын көбейту үшін «Сыбаға» бағдарламасы жаңартылған. Есесіне, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аяқталды.

Ілгеріде бұл бағдарлама шеңберінде сиыр ғана алу мүмкін болатын. Ал енді уақ малды да еншілеуге болады. Бұл – ауылдағы нәпақасын малдан ажыратып отырған шаруаларға айтарлықтай демеу.

Бағдарлама негізінде ұсынылатын несиенің үстемеақысы жеңілдеп, қайта төлеу уақыты созылған.  

«Жамбыл облысының орталығынан шалғайда жатқан, шөлді, шөлейтті аймақ болып есептелетін, десе де жайылым алаңы кең Талас ауданының шаруалары үшін еті мол түліктерді бағып-қағу тиімді болып тұр. Сол себепті біз тұқымы асылдандырылған малды бағатын шаруашылықтарды арттыруға күш салып жатырмыз. Қазақы ақбас сиыры бұрынырақта «Тәжібай Алашбайұлы» шаруашылығында ғана бар-тын, қазір С.Шәкіров ауылдық округіндегі «Ахай», Үшарал ауылдық округіндегі «Әден», «Байымбет-Баба», «Ақбас», Бостандық ауылдық округіндегі «Көккөл» шаруашылықтары асыл тұқымды түліктерді өсіруге әбден маманданған», - дейді Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.

Мамандардың айтуынша, бұл аймақта 80-нен аса шаруашылық иелері етті ақбас, ангус, әулиекөл тұқымдарының бұқаларын бағып, 7 000-нан астам сиырды селекциялық асылдандыруды бастап кеткен. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік жеңілдіктер де бар көрінеді.

Былтыр Талас ауданынан шет елге 52 тонна мүйізді ірі малының еті жөнелтілген. Сонымен қатар Меркі ет кешені мен Жамбыл облысының орталығындағы «Оңтүстік халал ет тағамдары» ЖШС 260 тоннадан астам қозының етін экспорттаған.

«Бағдарлама бойынша былтыр Талас ауданындағы 2 шаруашылық 37 миллион теңге шамасында несие алып, Ресей Федерациясынан 67 бас қазақы ақбас сиыр әкелсе, ағымдағы жылы тағы 2 шаруа қожалық 112 бас еті мен сүті мол симменталь құнажындарын сатып алды. Бұлардан басқа да шаруа қожалықтары шет мемлекеттермен алыс-беріс, барыс-келіс жұмыстарын жүргізуде. Өйткені, өзге топырақтан жеткізілген асыл тұқымды мүйізді қараның әрқайсысына Үкіметтен 225 мың теңге көлемінде субсидия төленеді», - дейді А.Ерубай.

«Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде шаруалар уақ малды да сатып алуда. Былтыр Талас ауданы бойынша 7 шаруашылық 85,7 миллион теңгеге 3075 қой әкелген.
Өзгелердің жаңалығы