Бас жаңалықтар
«Сыбаға»: 5 мың сиыр мен 50 мың қой сатып алынады
31 Қазан 2020, 21:41 224

«Сыбаға»: 5 мың сиыр мен 50 мың қой сатып алынады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өткен болатын. Ол, сондай-ақ саланы дамытуға бағытталған бірқатар міндеттерді де қоса жүктеген.

Осы міндеттерді орындау мақсатында өңірде атқарылған жұмыстарды Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Аманов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл аймақтағы салаға 30,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген екен.   

Бүгінде бұл қаржының 15,7 млрд теңгесі жамбылдық 7 557 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия ретінде үлестірілді. Сонымен қатар 5,9 млрд теңгесі қаржы институттары арқылы несие ретінде берілді, - деген Қайрат Тілеубайұлы бағдарлама ішіндегі салалық бағыттарға да кеңінен тоқталды. 

Мәселен, егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында қазынадан 1 млрд 250 млн теңге қаралып, оған 25,5 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алыныпты. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарының 25,5 %-ын қамтиды екен.   

Қ.Аманов қазіргі таңда 28 мың тоннаға жуық тыңайтқыш алынып, ауыл шаруашылығы дақылдарына себілгенін де мәлімдеді. Бұл жоспардың 108,0 %-ға орындалғандығын көрсетеді. Басым дақылдар өндiрудi субсидиялауда да қыруар қаражат игерілген. Айталық, биылғы өнім үшін егілген қант қызылшасына 1,5 млрд теңге шамасында қаржы қаралған. Субсидиялау қант қызылшасын жинау науқанына байланысты қазан-желтоқсан айларында ғана үлестірілетін көрінеді.   

Саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантиндік нысандарға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердiң құнын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 67 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл сомаға 370 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері литріне 45,5 мың килограмм өсiмдiктердi қорғау препараттарын сатып алды. Бұған 40 мың гектарға тарта жерді өңдеп, сапасын арттырдық, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.   

Жауапты маман асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен өнімділігін және сапасын көтеру бағытында 7,4 млрд теңге қаралып, оның көпшілігі – 6,8 млрд теңгесі игерілгенін айтты. Яғни, 2 800-ден астам шаруашылық субсидияға ие болып, кәсіптерін жандандырған. Мұның нәтижесінде Жамбыл облысындағы мүйізді ірі қара саны 7,1 %-ға көбейіпті. Қой мен ешкі болса 6 %-ға артқан, ал жылқының басы 9,8 %-ға көбейген. Ет өндірісіне келсек, 2,8 %-ға, сүт өндірісі 1,9 %-ға өскендігін көреміз.   

Сондай-ақ, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың арқасында жыл басынан бері 151,3 тонна сиыр еті мен 360 тоннаға жуық қой етін экспортқа жөнелттік. Сонымен қатар биыл «Сыбаға» бағдарламасымен 5 мың бас мүйізді ірі қара және 50 мың бас уақ мал сатып алу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 765 бас сиыр мен 27 мыңға жақын қой шаруаларымыздың табыны мен отарына қосылды, - деп атап өтті Қ.Аманов.   

Оның сөзінен білгеніміздей, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін аймақта 2018-2027 жылдар аралығында 61 сүт-тауарлы ферманы іске қосу бойынша ұзақ мерзімді концепция қабылданған екен. Мұның ішінде 12-сі 400 бас сауын сиырға арналған ірі кешен санатына жатады.   

Былтыр Қордай ауданындағы «Қақпатас-Қордай» серіктестігі 600 басқа арналған заманауи сүт тауарын өндіретін ферманы іске қосып, Еуропадан 400 бас сүт бағытындағы мал сатып алды. Ал биыл Жуалы ауданындағы «Гамбург» серіктестігі 1 200 басқа арналған ферманың құрылысын бастады, - деген жауапты маман инвестиция саласы бойынша атқарылған шаруаларды да атап өтті. 

«Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 6,1 млрд теңгеге толығымен өтінімдер қабылданған екен. Бүгінде мұның 5,9 млрд теңгесі 2 309 кәсіпкерге субсидия ретінде үлестірілген. Қалған 670 млн теңгесіне түскен өтінімдер мақұлданып, жоспарға сәйкес қыркүйек, қазан, қараша айларында 141 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілу үстінде. Осылайша жыл басынан бері салаға тартылған инвестиция көлемі 24 млрд теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 114 %-ға артыпты. 

«Еңбек» бағдарламасының орындалуы бойынша айтсам, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бұл құжаттың екінші бағытына республиканың қазынасынан 4 939,7 млн теңге көлемінде қаржы қаралды. Мұның басым көпшілігі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалына берілсе, қалғаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалына тапсырылған. Бұл қаражаттарға 1 290 азаматты несиелендіру жоспарланып отыр, - деді Қайрат Тілеубайұлы. 

Бүгінде 1018 үміткерге 3 890,2 млн теңге шамасында несие беріліп, қаржының 79,0 %-ы игеріліп үлгерген екен. Қаржыға ие болғандар егін шаруашылығын дамытып, төрт түліктің бірін сатып алады немесе жеке кәсіптерін ашып, істерін дөңгелететін болады.



Фото: дереккөз
Загрузка...