Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әділдік философиясына арналған адалдық сағаты өтті

23 Ақпан 2021, 17:38
2651
Бөлісу:
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әділдік философиясына арналған адалдық сағаты өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әділдік философиясы» тақырыбында кезекті адалдық сағаты өткізілді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ классикалық әдебиетінде ұлы Абай қалыптастырған көркемдік дәстүрлерді байытып, жалғастырушы суреткер. Ол өз заманының ең мәнді, көкейкесті мәселелерін көтеріп, өзінің көркем қолтаңбасын, қоғам мен адам өміріндегі алуан шындықтар көрінісін шығармаларына арқау етті.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуды» арман еткен ақын бүкіл ғұмырын халық ағарту ісі мен еліне қызмет етуге арнаған.

Сұлтанмахмұт поэзиясы – ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Ақын өзінің саналы, саяси, жазушылық өмірін:

«Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,

Разымын, не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табамын деп, көңілім сонда», – деп жырлап, өмір бойы осы сертін орындау жолында қызмет істеді: өзінің халқына өнер, білімнің шыңына шығу арқылы еркіндік, бақыт іздеді.

Ақынның бел шешіп жазу ісімен айналысқан кездері қазақ халқының тарихында өте бір ауыр жылдар еді. Ол мәдениеті озық, экономикасы дамыған елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалықтың жаршысы бола білді. Сол себептен ақын «Бүгінгі жастарға оқу міндет, бар қиындықты тек қана ғылым жеңбек» деген үлкен ой тастап:

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам.

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?» – деп жазды.

Ақынды толғандырған мәселелер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Автордың пікірінше, әділдік қана адамдарды «өзара таласудан», «адамның көз жасынан» және «қан төгуден» құтқара алады. Әділдік – бұл «бақыт пен күштің кілті».

Оның сөздері жас ұрпақ үшін бағдар және мәңгілік темірқазық болып қала бермек.

Бейне-дәрісті мына сілтемеден көруге болады.

Өзгелердің жаңалығы