Сұлтан Бейбарыс – Ұлы Дала елінің тасқа қашап жазу өнерін араб әлеміне дәріптеуші тұлға

5 Желтоқсан 2021, 10:57
3043
Бөлісу:
Сұлтан Бейбарыс  – Ұлы Дала елінің тасқа қашап жазу өнерін араб әлеміне дәріптеуші тұлға

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы шығыстанушы Қайрат Лама-Шариф facebook-тегі парақшасына жазды.

Оның айтуынша, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен тасқа қашалған көне жазулар мен суреттерді кездестіруге болады. Бағзы замандағы Жетісудағы таңбалы петроглифтер, Алтай, Тарбағатай, Ұлытау, Қаратау, Маңғыстау, Ертіс өңірлеріндегі жазулар мен Орхон және Енисей өзендерінің маңынан табылған Күлтегін ескерткіші, тасқа жазылған «Білге қаған» дастаны және тағы басқалары.

Араб зерттеушілері тасқа қашап жазу өнерін Шам еліне Қыпшақ мәмлүктері алып келгенін растайды. 1260 жылы Мысыр мен Шам елінің Билеушісі Сұлтан аз-Захир Бейбарыс моңғолдар қиратқан Дамаск әскери қамалын қайтадан қалпына келтіруге әмір береді. Ол туралы Дамаск қаласының алтыншы оңтүстік мұнарасына «тайға таңба басқандай», араб тілінде келесі тасқа қашалған жазуларды – «ән-Нұқуш әл-Китабияны» қалдырады: «Би-исми-л-лаһи-р-рахмаани-р-рахиим. Біздің Билеушіміз, әрі ержүрек Қорғаушымыз, әділ Сұлтанымыз аз-Захир Бейбарыс 659 һижра жылы Дамаск қамалын қалпына келтіруге әмір берді. Алла тағала Ислам дініміздің қамқоршысы Сұлтанымыздың игі істерін қабыл алсын ...», - деп жазды ол.

Осы араб каллиграфиясымен маңдайшада жазылған бізге жаңалық болатын сөз тіркесі бар екен.

«Сұлтан аз-Захир Бейбарыс - Қасиетті Қос Киенің (Меккедегі әл-Харам мешіті мен Мединедегі Пайғамбар мешітінің) Сақшысы» деп жазылған. (أمير المؤمنين بيبرس الصالحي النجمي صاحب القبلتين خادم الحرمين الشريفين) Өздеріңізге мәлім, 1986 жылдың 27 қазанда Сауд Арабиясының Королі Фахд бен Әбдел Азиз Әл Сауд «Ұлы мәртебелі» деген қошемет сөз тіркесінен бас тартып, «Қасиетті Қос Киенің Сақшысы» деген титулды енгізген болатын. Король Фахдтан кейін Сауд Арабиясының билік басына келген інілері Абдалла мен Салман осы корольдік титулды дәстүрге айналдырып, жалғастырып келеді. Олай болса, Қыпшақ Сұлтаны әл-Мәлик аз-Заһир Рүкн ад-Дин Бейбарыс әл-Бундуқдәри Ислам тарихында «Қасиетті Қос Киенің Сақшысы» деген титулды иеленген алғашқы мемлекет басшысы болып саналады, - деп жазды шығыстанушы.
Өзгелердің жаңалығы