Су тасқыны. ТЖМ сақтық шараларын сақтауға шақырды

5 Ақпан 2021, 17:25
1593
Бөлісу:
Су тасқыны. ТЖМ сақтық шараларын сақтауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев су тасқынына дайындық барысы туралы баяндап, халықты сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Оның сөзінше, әркім өз ауласының аумағын уақытылы қардан тазалауы керек.

Үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын қоқыстардан тазалау керек. Сондай-ақ үй маңындағы аумақты инертті материалдармен қалқалау керек. Жергілікті атқарушы органдардан эвакуациялық пункттердің алдын ала белгіленген орындарын және эвакуациялау бағытын нақтылау қажет. Сонымен қатар жұқа мұз кезінде су айдындарына балаларды қадағалаусыз жібермеу керек, - деп түсіндірді ол брифингте.

Ибрагим Күлшімбаев су тасқынының алдын алу үшін ТЖ департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ұсынымдарын сақтауды сұрайтындарын жеткізді.

Естеріңізге салсақ, соңғы 5 жылда 160 елді мекенде су тасқыны болған. Олар еліміздің он облысындағы елді мекендер.

Айта кетейік, ТЖМ су тасқынына дайындық жұмыстары туралы баяндап, су тасу қаупі бар аймақтарды атады.

Өзгелердің жаңалығы