Су тасқынымен күресуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген

14 Наурыз 2019, 14:23
2057
Бөлісу:
Су тасқынымен күресуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды. 


«Егер, жол картасы аясында айтар болсақ, онда бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал, үш жылдық мерзім бойынша айтсақ, онда ол 10 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды. Бұл су тасқыны кезеңіне елді мекендерді дайындау бойынша жоспарлы жұмыстар», - деді ҚР Ішкі істер министрі орынбасары Юрий Ильин.

Оның айтуынша, бұл дамбылар құрылысы, инфрақұрылымды бекіту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу болып табылады. 

«Өткен жылы төтенше жағдайлар комитетімен ұсынылған өтінімдердің барлығы дерлік бойынша қажетті техникалар, соның ішінде, мотопомпалар да сатып алынып, комитеттің барлық өңірлік департаменттеріне жеткізілді. Сатып алулар жүргізу бойынша өтінішті біз осы жылы да ұсынған болатынбыз. Алайда, бизнестің конкурсқа жауапсыздықпен қатысуы салдарынан кейбір конкурстар өтпеген болып есептеліп, ұсыныстар кері қайтарылды. Себебі, жабдықты сатып алу мүмкін емес демпингтік бағалар болды», - деді Ильин. 

Осыған байланысты қаражат республикалық бюджетке қайтарылған. Алайда, аталған жабдықтарды сатып алу бойынша конкурстар осы жылы өткізіледі деп белгіленуде. 

«Қарағанды, Ақмола, Шыңыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде қар жамылғысының нормасы көп мөлшерде жинақталған. Соның әсерінен бұл аталған жайт жауын-шашынның көп болғанын көрсетіп отыр. Сол сияқты, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының кейбір аймақтарында қар нормасы климаттық қалыптан жоғары болды. Алдағы ауа райына келер болсақ, наурыз айының соңғы күндерінде еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде температура климаттық нормадан жоғары болады», - деді «Қазгидромет» РМК департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы. 

Бұған дейін вице-министр Ильин көктемде су тасқыны жүруі мүмкін қауіпті жағдайда тұрған аудандарды атаған болатын.

Ақмарал ШАҒАТАЙ

Өзгелердің жаңалығы