Студенттерге ілініп-салынып жүруге болмайды – доцент

28 Қаңтар 2019, 18:46
2753
Бөлісу:
Студенттерге ілініп-салынып жүруге болмайды – доцент

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Бүгінгі студент жастар ертеңгі маман, қызметкер, елдің тізгінін ұстайтын басшы. Сондықтан оның әдепті, мәдениетті адам болуы, отбасының тірегі бола білуіне ұстаздар да борыштымыз.

Мұндай пікірді Алматы энергетика және байланыс университеті Казақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының доценті, Болат Кабдушев білдірді.

«2019 жылы 23 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Жастар жылының» ашылу салтанатты жиынында сөйлеген сөзі қайсымызға да үлкен ой тастайды. Жастарға айтқан ақылын, өмірдің ащы шындығы мен ертеңгі болжамын тебірене тыңдап, әсер алдық», - дейді доцент.

Оның айтуынша, ертеңгі күні жастарымыздан сауатсыз маман, рухани мүгедектер шығып жатса ол да қоғамымыздың соры.

«Қазақ халқына айдарлаған жалқау деген ұғымнан арылуымыз керек. Далалық көшпелі өнер мал шаруашылығы кәсібі қажырлы еңбекті қажет ететіні белгілі. Жастармен сұхбаттасу барысында Елбасы халқымыздың күрделі еңбектен құралатын тұрмыс-тіршілігінің тәрбиесін ұрпаққа үлгілеген өз өмірінің мысалдарын келтірді. «Адам бойындағы талант 10%, қалғаны қажырлы еңбектен» тұратынын жастардың есіне салды. Еңбекқорлыққа үйрену, уақытын сараптап дұрыс пайдалану, жоспарлап пайдалы іске жұмсау студент жастарға жетісе бермейді. Олардың салтында дәлдіктің, еңбекқорлықтың, тазалықпен әдептіліктің жетпей жататыны жасырын емес», - дейді ол.

Б.Кабдушевтің пайымдауынша, көптеген жастар оқуға түскен кезде ата-анасы, ауыл-аймақ бүтін әулет оған қуанып, болашағынан көп үміт күтеді. Алайда студенттердің кейбірі «қасиетті борышын» өтей алмайтын көрінеді.

«Қарызы мен парызын тұжырымдай алмаған студенттің ой-санасының дағдарысқа ұшырғаны. Көптің бірі болып, ілініп-салынып жүруі дұрыс емес. Бүгінгі күні ерекше талант-қабілетімен байқалған жастарға оқи жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жоғары оқу орындарында айрықша мән берілуде. Студенттер өз білімдерін еркін жетілдіруге, әдебиеттерді түп-нұсқадан оқуға жағдайлар жасалып жатыр. «Аудитория, ұстаз алды – тек бағыт-бағдар алу бесігі». Студентке нағыз білім қашан да өз бетімен ізденіп, зертханалық тәжірибелерін жасап, кітапханалардан қыруар қазына байлықты зердесіне тоқығанда ғана пешенесіне бұйырған», - дейді ол.

Сонымен қатар ол, бүгінгі жоғары оқу орындағы студенттерге өздеріне тиесілі қоғам алдындағы әлеуметтік, ұлттық борыштарын толық атқару басты міндеті екенін айтады.

«Терең білім алуда зерделілік, ізденімпаздық дәстүрін қалыптастыру керек. Елбасы жастарға жаңалыққа құштар болуға, тез қимылдап, батыл іскерлікке кірісуге шақырды. Ғылым іздеп, өз ісіңнің шебер маманы болу бүгінгі күннің талабы. Кәсіби білікті маман, еңбек адамы - қоғамның қозғаушы күші. Ендеше, Жастар жылында – жастардың жаңаша серпілетін жыл болатынына кәміл сенімдіміз», - дейді доцент.


Әділет МҰСАХАЕВ  
Өзгелердің жаңалығы