«Студенттер үйі» республикалық акциясы іске қосылды

3 Маусым 2019, 14:23
2866
Бөлісу:
«Студенттер үйі» республикалық акциясы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жастардың өзін-өзі басқару органдарының жүйесін дамыту» атты әлеуметтік жоба аясында «Студенттер үйі 2:0» акциясының таныстырылымы өтті. 

Жастар жылы шеңберінде «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттік қозғалысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Студенттер үйі 2.0» жобасын іске қосты. Бұл акция негізі 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Ал мемлекеттің қолдауымен акция биыл жаңа республикалық ауқымға ие болмақ. Жоба студенттердің өмір сапасын толыққанды жетілдіруге бағытталған.

 «Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» аясында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөнінде тиісті тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда еліміздің 124 жоғары оқу орнында  542 458 студент бар. Ол студенттерге арналған 251 жатақханада 82 мың студент тұрып жатыр. Одан бөлек, 769 колледжде 229 мың студент білім алып жатыр. Оның 46 мыңнан астамы 439 жатақханада тұрады.Сондықтан студенттер жатақханасы мәселесі әлі күнге дейін маңызды»- дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов.

Оның айтуынша, алдағы қыркүйек айында жатақханалардың рейтингі жасалады. Сол рейтинг бойынша жайлы және нашар жатақханалар сарапталады.

«Акцияның басты мақсаты – жатақханаларда тұратын студенттердің қоғамдағы белсенділігін арттыру. Сондай-ақ азаматтық рөлі мен жауапкершілігін дамыту, қоғам игілігіне студенттердің тұлғалық және интелектуалдық танымын дамытып, потенцииалын жүзеге асыруға жағдай жасау. Жатақханаларда студенттерге қойылатын тұрмыстық техникалардың істен шықпауын және жаңа оқу жылына әзірлігін бақылайтын боламыз. Қыркүйекте үлкен рейтинг жасалады. Жайлы және нашар жатақханалар сарапталады. Әлеуметтік желіде де осы жобаның үлкен қолдау табарына сенемін. Себебі, студенттер осы акцияға тікелей қатысады. Қазақстан студенттерінің альянсы да арнайы мониторингтік топ құрып, жергілікті жердегі колледж, ЖОО студенттерінің жатақханадағы жағдайын тексереді. Бірлескен жоба болғаннан кейін осы акция арқылы студенттерге жайды жағдай жасауды көздейміз», - деді Шахмардан Байманов.

Өзгелердің жаңалығы