Студент-волонтерларға сағатына 1000 теңге төленеді – БҒМ

15 Ақпан 2019, 11:54
3042
Бөлісу:
Студент-волонтерларға сағатына 1000 теңге төленеді – БҒМ

Астана, BAQ.KZ тілшісі.  Волонтерлық қызметпен айналысатын студенттерге сағатына 1000 теңге төленеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді.  


“Студенттерге семестріне екі және бес академиялық кредит ұсынылады. Бұл 20 немесе 50 сағат, әр сағатына 1000 теңге төленеді. Сондай-ақ, бір уақытта жалпы білім беру тәртіптері блогындағы кредиттерді қайта есептеу жүзеге асатын болады. Үш жыл ішінде  біз жобаға қатысатын студенттердің санын жыл сайын 20 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз”, - деп түсіндірді Сағадиев. 

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында былай деп көрсетілген:

Жобада 2 түрлі ваучер ұсынылады: біріншісі – 20 сағат волонтерлық қызмет. Келісілген пәндер бойынша 2 академиялық қредитті өтей отырып, 20 000 теңге төленеді. Екіншісі, 50 мың теңге көлемінде волонтерлық қызмет көрсетіледі және келісілген пәндер бойынша 5 академиялық кредитті өтейді. 

Әлеуметтік студенттік ваучер келесі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдасы бар қызметпен айналысатын студенттерге беріледі: инклюзивті білім;  репетиторлық (қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық); девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмаған балалармен жұмыс жасау; аула ішілік және спорттық клубтарды ұйымдастыру; егде жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.

Бүгін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БҒМ кеңейтілген алқа отырысында 2018 жылы білім саласында атқарылған шаралар туралы баяндады. Ол балалардың 95% балабақшамен қамтылғанын айтты.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы