Стрестік активтер. Сервистік компаниялар институты құрылады

11 Мамыр 2022, 11:40
1514
Бөлісу:
Стрестік активтер. Сервистік компаниялар институты құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар институты құрылады.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Заң жобасында сервистік компаниялар институтын құру көзделеді. 

Олар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді. Сервистік компаниялар институтын дамыту - стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажетті жағдай. Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік түрде басқарады, өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлеп іске асырады және стрестік активтердің иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді, - деп айтты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте.

Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.

Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленеді. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады, - дейді агенттік басшысы Мәжілісте.

Айтуынша, бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, себебі аталған ұйымдар агенттіктің реттеу аясына жатады.

Өзгелердің жаңалығы