Атыраудағы тұрғын үйлердің қабырғаларына street art суреттер салынды

14 Мамыр 2019, 19:45
4030
Бөлісу:
Атыраудағы тұрғын үйлердің қабырғаларына street art суреттер салынды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының бейнелеу өнері және дизайн пәні оқытушылары облыс орталығын безендіруге үлес қосуды қолға алды, деп хабарлады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Оқытушылар қаладағы тұрғын үйлердің қабырғаларына сурет салу туралы ойларын шаһар басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлына айтқан, қала әкімі өз кезегінде идеяға қолдау көрсетті, жобаны қаржыландыруға ниетті демеушілер де табылды. 

"Алдымен облыс орталығындағы Балықшы ықшам ауданындағы тұрғын үйдің қабырғасына Жайық өзеніндегі суасты әлемінің суретін салдық. Биыл Махамбет Өтемісұлының портретін салдық, қазір Жастар жылына қатысты суреттерді ойластырып жатырмыз", - деді суретші Мейірбек Жағыпашев.   

Атыраудағы тұрғын үйлердің қабырғаларына street art суреттер салынды

Оқытушылар Авангард, Нұрсая, Вокзал маңы, Балықшы ықшам аудандарындағы үйлерге Құрманғазы, Дина, Бейбарыс секілді тұлғалардың street art суреттерін салуды жоспарлап отырғандарын айтады. Суретшілер жобаға қолдау көрсеткісі келетін демеушілерді серіктестікке шақырады. Бір суретті салу үшін орта есеппен алғанда 10 күн кетеді. Ал сурет салу үшін арнайы баллондар қолданылады.

"Баллондағы бояулар суға төзімді, егер үй қабырғасы сенімді, ақауы жоқ болса, сурет те ұзақ уақыт тұрады. Бір суретке 100 баллон кетеді. Желсіз, ашық күндері жұмыс істеуге тырысамыз", - деді суретші Мирас Жанғожиев.   

Айта кетейік, Атыраудағы үйлерге сән беріп тұрған суреттерге тұрғындардың да көзқарастары жақсы. Суретшілер жұмыс қиын болса да, оң нәтижеге және тұрғындардың ықыластарына ие болғаннан кейін жаңа бейнелер жасауға қуана кірісетіндерін айтады. 

"Графит дейміз бе, көркем сурет дейміз бе, бастысы осы жарқын бейнелер Атырауға әсемдік пен жақсы көңіл-күй сыйлағанына сенімдіміз", - деді суретші Асылбек Бақтияр.


Өзгелердің жаңалығы