Бас жаңалықтар
Балаларды емдеуге жылжымалы стоматологиялық кабинет енгізу қажет - депутат
09 Қаңтар 2019, 15:58 590

Балаларды емдеуге жылжымалы стоматологиялық кабинет енгізу қажет - депутат

Астана, baq.kz тілшісі. Бүгін Мəжіліс депутаты Дархан Мыңбай балалар стоматологиясындағы проблемаларды көтеріп, Денсаулық сақтау министріне сауал жолдады.

"Балалар арасында ең көп таралған аурулардың бірі – тіс ауруы, ауыз қуысы мен жақ-бет аурулары. Статистикалық деректерге сәйкес, республикамызда балалар арасында тіс жегісінің таралуы 76% құрады, ал бірқатар ауылдық аумақтарда бұл көрсеткіш 98% жетеді. Десе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары бойынша 2020 жылға тіс жегісімен зақымдалған балалардың саны 20% аспауы қажет", - деді Мыңбай. 

Депутаттың айтуынша, елімізде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіліп жатыр. 

"Жыл сайын мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларға қаражат бөлінеді, алайда жылдан жылға статистика жақсармай келеді. Стоматологиялық қызметке Стоматологтардың бірыңғай қазақстандық ассоциациясы жүргізген талдау оның кемшін тұстарын айғақтады, оның ең өрескелін айтар болсақ, бүгінде балалардың тіс және ауыз қуысының жәй-күйіне динамикалық бақылау жоқ. Және бір маңызды мәселе – мемлекеттік стоматологиялық балалар емханаларының жекешелендірілуі", - деді ол.

Мəжілісменнің айтуынша, елімізде 2812 стоматологиялық ұйым бар, олардың 1121-і мемлекеттік меншік нысанында, соның ішінде 12 мемлекеттік мамандандырылған облыстық балалар емханасы ғана бар.
2017-2018 жылдары Таразда, Оралда және Астанада балалардың стоматологиялық емханалары жекешелендірілді. Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы да жекешелендіруге дайындалып жатыр. 

"Бұл шара олардың мойнындағы ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс үшін жауапкершілікті ешбір жағдайда алып тастамайды. Балалар стоматологиясынан айырылсақ – кезінде педиатрияны қысқартып тастағандығыдай жағдайға душар боламыз. Оның салдарын көресінді көрдік. Балалар стоматологиясының бірқатар ерекшеліктері бар, оған мамандану қажет немесе ересектерді емдейтін кез келген дәрігер балаларды емдей алмайды. Бұрынғы кезде балаларды балабақшаларда, жасөспірімдерді мектептерде, студент жастарды колледждер мен институттарда тұрақты түрде бақылайтын. Қазір стоматологиялық кабинеттер тек оқушылар саны 800 асатын мектептерде ғана бар. Бұл еліміздегі барлық мектеп оқушыларының үштен бір бөлігін ғана қамтиды", - деді Дархан Мыңбай.

Мəжіліс депутаты оның үстіне, қазір мектептерде жұмыс істеп тұрған стоматологиялық кабинеттердің өздерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету проблемалары бар жəне мамандар мен дәрігерлер жетіспейді дейді. 

"Мысалы, кейбір деректерге сенсек, Астанадағы 6 мектепте ғана стоматологиялық кабинеттер толық көлемде жұмыс істеп жатыр. Ал сонда басқаларын, олардың ішінде алыс аудандардағы, ауылдардағы мектептер мен мектепалды мекемелерді қайтпекпіз? Балаларының тістерін емдету үшін ата-аналар шалғайдан келеді, соған қарамастан емдеуден гөрі ауырған тістерді жұлып тастау кең етек алған. Бұл, сайып келгенде, халықтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына әсер етеді", - деді ол.

Оның айтуынша, стоматологияны, соның ішінде балалар стоматологиясын дамыту үшін қазіргі заманда қызметтің сан алуан түрлері пайдаланылады. Солардың бірі – мектептер мен мектепалды ұйымдардағы балаларды емдеуге мобильді, жылжымалы стоматологиялық кабинеттер жұмысын ұйымдастыру. 

"Көптеген дамыған елдерде мұндай оң тәжірибе бар. Бұл істі еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, негізге алу және кеңейту қажет деп ойлаймыз. Жоғарыда баяндалғанға байланысты мынадай ұсыныстарды қарастыруыңызды сұраймыз: Біріншіден, мектептерді, мектепалды мекемелерді стоматологиялық толыққанды қызметпен тегіс қамтамасыз ету үшін заманауи жылжымалы стоматологиялық кабинеттерді енгізу жөнінде бағдарлама әзірлеу. Екіншіден, стоматологтың балалар мен жасөспірімдерді бақылауының диспансерлік әдісін қалпына келтіру. Үшіншіден, білім беру ұйымдарында стоматологиялық қызметті жақсарту жөнінде шаралар туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен бұйрығын әзірлеп, бекіту", - деп түйіндеді Дархан Мыңбай.

Қымбат Елтайқызы

Загрузка...

Сізден жаңалық