Бас жаңалықтар
Ұстаздық елмен өлшенбейді. Тәрбие түйістірген тағдыр
PHOTO
02 Қазан 2020, 14:36 767

Ұстаздық елмен өлшенбейді. Тәрбие түйістірген тағдыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде мұғалімдер күні қазанның алғашқы жексенбісінде мерекеленеді. Ұстаз - ұлы ұғым. Баланың сауатын ашу, оны үлкен өмірге дайындау мен тұлға болуына атсалысу төзім мен қажырлы еңбекті қажет етеді. Бүгін екі елде ұстаздық еткен екі мұғалім ең басты шәкірттері – балалары арқылы қалай табысқаны туралы баян етеміз.

Екі ұстаздың балалары үйленсе, қандай отбасы шығады деп ойлап көрген жан жоқ шығар. Себебі мұндай жағдай жиі кездеседі. Алайда екі елде ұстаздық етіп, кейін балалары мүлдем басқа қалада табысып, отау құрған шаңырақ табу жоқтың қасы. 


Бүгінгі кейіпкерлеріміз – Сәнім Атчыбаева және Райхан Нұрмолдаева. 


Сәнім Атчыбаева 1957 жылы Түрікменстанның Дашоғұз облысында дүниеге келеді. Сол елдегі Чарджау қаласында түрікмен тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын тәмамдап, орта және жоғары сынып оқушыларына сабақ берген. 

Райхан Нұрмолдаева Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында туып-өскен. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандағы бойынша тәмамдап, зейнет жасына дейін білім нәрін сусындатып, тынбай еңбектенеді. 


Екі ұстаз да Кеңес үкіметі кезінен мұғалім болған. Сәнім Атчыбаева Қазақстанда түрікмен тілі мен әдебиеті пәні мектепте оқытылмағандықтан, елге оралған соң жеке кәсіппен айналысады. Алайда өзі қалап, өзі армандап таңдаған мамандығын сағынатынын айтады. 

2f956306-3b74-4f86-9810-ba1b7aae6a4a.jpg

Біздің кезімізде қыз баланың жоғары білім алуы қиын болды. Әкемізден қашып кетіп, басқа қалаға оқуға тапсырғанбыз. Ол заман қиын еді. Оқуға түсу де оңай болмайтын. Түрікменстанда ұстаздық еттім. Ауылдың балалары үздік болуы үшін барымызды салдық. Мамандығымды шын сүйдім. Елге келген соң жалғастырғым келді, бірақ мамандық сәйкес келмеді. Әттеген-айым осы болды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, мұғалім болған күндерімді сағынышпен еске аламын, - дейді ол. 

Ал екінші кейіпкеріміз Райхан апай зейнет жасына дейін ұстаздық етті. Қазір де көрші мен туыстың балаларына қазақ тілінен қосымша сабақ беріп жүр. Талай жыл оқушылары ҰБТ-дан жоғары балл жинап, ұстазының мерейін үстем еткен. 


Иә, біз мектепке кірсек, үйдегі бала-шағаны ұмытатын едік. Мектептегі балалар өз баламыздай болып, бар ынтамызды, күш-жігерімізді соларға жұмсайтын едік. Әр оқушының жетістігіне қуанып, жарыстарда жеңуге ұмтылатынбыз. Оқушыларым бірнеше жыл қатарынан ауданда ҰБТ-дан жоғары балл жинайтын, ғылыми жұмыс жазатын шәкірттерім республикалық конкурстарда жүлделі болатын, - дейді ол. 
Сәнім апай «Ұстаз жолы – ауыр жол, бірақ сауабы мол жол. Себебі бір адамның әріп танып, осы өмірге бейімделуіне тікелей ықпал ететін сара жол екенін айтты. 
Оқушының басын сипап, демеп, қолдау көрсетіп, аяғын нық басуға жетектейтін де мұғалім. Сондықтан шәкірт тәрбиелеп, жауапкершілігін түсінген әр мұғалімге алғыс айтамын, - деп бөлісті ол. 
Ал Райхан Нұрмолдаева ұстаз болу – бақыт екенін алға тартты. 
Берген іліміңді түсініп, үйреніп, оны көрсете алатын баланың жетістігін көру – қуаныш. Бір емес, екі емес, бірнеше жыл ана орнына ана болып, білім мен қоса игі тәрбие беру де ізгі амал. Сол себепті ұрпақ тәрбиелеу жолындағы өлшеусіз еңбек атқарып жатқан әріптестерімді төл мерекесімен құттықтаймын, - деді ол. 

Сәнім Атчыбаева 2 қыз, 3 ұл өсірген. Бүгінде үш ұлынан үш келіні де мұғалім. 


Келінім мұғалім не дәрігер, не қорғаушы болсын деген ой болған емес. Бұйырғаны, балаларымның маңдайына жазғаны сол болды. Үш келінім де – ағылшын тілінің мұғалімі және үлкен қызымның мамандығы да - ағылшын тілінен мұғалім. Ал кенже қызымның енесі мұғалім, - деп бөлісті зейнеттегі мұғалім. 
Енді екі ұстазды неге қатар алғанымызды түсіндірейік. Сәнім апайдың кенже қызы Райхан мұғалімнің үлкен келіні. Иә, өмірге әкелген анасы мен жұбайының анасы – ұстаз. 
Анам мектепте маған түрікмен тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Сыныпта староста болдым. Кейде анам сабақ өтіп жатқанда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қоғамдық шараларға сұрап алатын. Сондай кезде үйге қандай тапсырма бергенін білмей, үйде анамнан сұрасам, айтпайтын. «Сабақ оқитын адам өзі тауып алады. Үйде анаңмын, мектепте мұғаліміңмін. Қызым екенсің деп жеңілдік жасамаймын. Бар сыныптастарыңнан сұрап кел» деп жіберетін. Осындай қатал да мейірімді анамнан білім алдым. Үйде тәрбие алдым. Мектепке бармай жатып, хат танып, көбейту кестесін де жаттап алғанмын. Бәрі анамның арқасы. Менің өмірдегі үлгі тұтатын қамқоршым, аяулым да бір өзі, - дейді Сәнім апайдың қызы Рахиля. 

Ал енеңіздің мұғалім болғаны қалай болды деген сұраққа Рахиля былай жауап берді. 

Екінші анам мені жұмсақ мінезімен тәнті етті. Үйдің кенже қызы болып, еркелеп өскен мен үшін қатал ене керек еді. Бірақ олай болмады. Мектептегі оқушыларына қалай жаны ашып, білім берсе, мейірімін төксе, маған да солай қарады. Қателігімді жасырып, жақсылығымды асырып, ақылын айтты. Кейде 10-15 сыныптан диктант, шығарма, мазмұндама алып келетін. Сосын түнімен отырып тексереді. Үлгермей жатса, мен де қасына отырып, қарындашпен бір қарап шығатынмын, - дейді Райхан апайдың келіні Рахиля. 

Анасы мен енесін бірдей көретін Рахиля ұстаздықтың ұлы ұғым екенін атап өтіп, алдағы мерекемен құттықтады. 


Екі анам да – ұстаз, олардың бізден басқа қанша баласы бар. Қаншама баласы әлі күнге дейін іздеп, жағдайын сұрайды. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Және ең бастысы олар баланы қолдауды, кешіруді, түсінуді, марапаттауды, білім беру мен жігерлендіруді біледі. Келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, - деп түйіндеді сөзін Рахиля.
P.S. «Ұстаз – Африкада да ұстаз» дегендей, ұстаздық елмен де, ұлтпен де өлшенбейді, шектелмейді. Ұстаздың миссиясы қай құрлықта болсын бір. Ол – ағартушылық. Оң мен солды ажыратуға ықпал жасап, әр баланың зейінін ашуға тырысқан адамзаттың екінші анасы – ұстаздардың келе жатқан  мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Фото: дереккөз
Загрузка...
// (function (d, w, c) {(w[c] = w[c] || []).push(function () {try {w.yaCounter34776245 = new Ya.Metrika({id: 34776245,clickmap: true,trackLinks: true,accurateTrackBounce: true,webvisor: true,trackHash: true});} catch (e) {}});var n = d.getElementsByTagName("script")[0],s = d.createElement("script"),f = function () {n.parentNode.insertBefore(s, n);};s.type = "text/javascript";s.async = true;s.src = "https://mc.yandex.ru/metrika/watch.js";if (w.opera == "[object Opera]") {d.addEventListener("DOMContentLoaded", f, false);}else {f();}})(document, window, "yandex_metrika_callbacks");//