Бас жаңалықтар
Ұстаз мәртебесі. Мұғалімдер жалақысы қанша теңгеге өсті?
EX
02 Қазан 2020, 10:34 2084

Ұстаз мәртебесі. Мұғалімдер жалақысы қанша теңгеге өсті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде Мұғалімдер күні мерекесі 4 қазанға тұспа-тұс келіп тұр. Атаулы мерекеге орай Ұстаздар күні қалай аталып өтеді? «Педагог мәртебесі туралы» Заңда не жазылған? Мұғалімдердің жалақысы қашан өседі? Осындай салуалдарға жауап іздеп көрдік.

 «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес біздің елде ұлттық мерекелер, кәсіби және өзге де мерекелер атап өтіледі. Осы ретте елімізде Мұғалім күні қазанның бірінші жексенбісінде мерекеленеді.

«Педагог мәртебесі». Тоқаев тапсырмасы

2019 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді, - деген болатын Президент өз Жолдауында.
«Педагог мәртебесі туралы» заңда не айтылған?

Мұғалімді артық жұмысқа салуға болмайды:

1)     педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

2)     педагогтен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге;

3)     педагогтің кәсіби қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;

4)     педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.

Педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда, мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынатын болады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында қарастырылған, - деген болатын Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК мөлшері 2 651 теңгеге ұлғайды. Яғни заң бұзғандарға 53 мыңнан 320 мыңға дейін айыппұл салу көзделген.

Жыл сайын республикалық бюджеттен үздік педагогтерге қаржы бөлінеді:

      1) «Үздік педагог» атағын иеленушіге - 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы;

      2) «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленушіге 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді, оны жұмсау бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Мұғалімдерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

-        тұрғын үйге, оның ішінде қызметтік үйге немесе жатақханаға;

-        жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне;

-        ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына;

-        педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар ұйымдарынан кезектен тыс орын беру кепілдігі қарастырылған.

Жалақы қанша теңгеге өсті?

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында көзделген мұғалімдерді материалдық ынталандыру тетіктерін бойынша олардың жалақысы өсті.

Президенттің мұғалімдердің жалақысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25%-ға арттыру тапсырмасы бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды. Ал осы қыркүйектен бастап дәптер тексергені үшін үстемақы 2 есеге, сынып жетекшілігі үшін алатын үстемақы 2 есеге артады. Сонымен қатар магистр дәрежесі бар мұғалімдер 27 мың теңге көлемінде жаңа үстемақы алатын болады, - деді Үкімет отырысында Білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым жүйесі үшін маңызды тапсырмалар бергенін жазды.

Педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және стипендия мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайту тапсырмасы берілді. Өткен жылы стипендия мөлшері 21 мың теңгені құраса, Президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өсті. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғарғы стипендия болады. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы стипендияны ала бастады, - деді Білім басшысы facebook парақшасында. 

Білім саласындағы ең жоғары жалақыны кім алады?

Тамыздағы ranking.kz-тің ақпаратына сәйкес 2020 жылдың екінші тоқсанында білім беру саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 184,4 мың теңгеге жетті, яғни өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.

Білім саласындағы ең жоғары жалақыны орта білім беру қызметкерлері алды: 214,2 мың теңге, инфляцияны ескере отырып, нақты өсім 34,9% құрады. Ең төменгі жалақы мектепке дейінгі білім сегментінде тіркелді: барлығы 90,2 мың теңге, нақты өсім - 5,9%. 

ЖОО қызметкерлері орта есеппен 208,8 мың теңге (өсім - 6,5%), бастауыш білім - 161,9 мың теңге (өсім - 28,8%), қосымша білім беру қызметтері – 147,7 мың теңге (инфляцияны есепке алғанда жылына минус 0,5%) алған.

Республика бойынша ең жоғары жалақыны елордалық мұғалімдер алған. Орташа айлық жалақылары 298,4 мың теңге, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,8%-ға көп.

«Үздік педагог» кім?
«Үздік педагог» атағын беру бойынша республикалық комиссия жұмысын бастады. Биылғы жылы конкурстың республикалық кезеңіне 144 педагог өтінім берді. Оның ішінде: мектепке дейін және орта білім бойынша – 109, техникалық және кәсіптік білім бойынша – 35, - деп ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында жазды.

Айта кетейік, бүгін еліміздегі «Үздік педагог» анықталады.

Үздік педагогтер 2 778 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақымен және төсбелгілермен марапатталады. Сондай-ақ, мұғалімдерге бұл күні білім беру саласындағы жоғары награда – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...