Сағынтаев: Стационарларға күнде 100-ге жуық пациент түседі

6 Шілде 2020, 15:46
1611
Бөлісу:
Сағынтаев: Стационарларға күнде 100-ге жуық пациент түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Алматы қаласындағы КВИ бойынша ағымдағы жағдай" тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Стационарларға күнделікті 100 шақты пациент келіп түседі. Бүгінде медициналық мекемелердегі жүктеме деңгейі 85%-ды құрап отыр. 1 қыркүйекке дейін стационарлар мен провизорлардағы төсек-орын санын алты мыңға жеткізу міндеті тұр. Осылайша, Мемлекет басшысының көмек берудің қолжетімділігіне қатысты тапсырмасы орындалмақ. Амбулаторлық деңгейде виртуалды инфекциялық ауруханалар жасақталды. COVID-19 инфекцясы бар науқастарды емдеу және бақылауға арналған мониторинг орталығы жұмыс істей бастады. Мұндай ситуациялық орталықтар 24/7 режимінде жұмыс істеп, егде жастағы пациенттерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, адамдарға психологиялық қолдау білдірумен айналысатын орталық та іске қосылды. Оның жұмысына 50-ден астам денсаулық сақтау және білім беру саласының маманы жұмылдырылған. Бастапқы медико-санитарлық көмек (БМСК) бағытындағы мобильді бригадалар жұмысын күшейттік. Бүгінде олардың саны 72-ге жетті. Мобильді бригадалар құрамына бөлім меңгерушілері, дәрігерлер, инфекционистер, эпидемиологтар, учаскелік дәрігерлер, медбикелер кіреді. Жалпы, бригада жұмысына 297 БМСК маманы тартылған. Бірыңғай Call-орталық жұмыс істейді, - деді ол.

Бақытжан Сағынтаев қалада коронавирус инфекциясын анықтау үшін 28 компьютерлі томография аппараты қолданылып жатқанын айтты. Одан бөлек, халыққа қолжетімді 70 ренгтген құрылғысы жұмыс істеп тұр.

Бүгінде Алматы қаласында 25 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты қолданыста, резервте 24-і тұр. Жақын күндері тағы 70 аппарат келуі керек. Қала бойынша ӨЖЖ аппараты тапшылығына қатысты мәселе жоқ. Ал жалпы Алматы қаласында 573 ӨЖЖ аппараты бар. Медициналық ұйымдарды түрлі құрылғылармен қамту жұмыстары жалғаса бермек, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы