СТ-1 сертификаты балықшыларды əуре-сарсаңға түсіреді

11 Ақпан 2020, 09:30
1919
Бөлісу:
СТ-1 сертификаты балықшыларды əуре-сарсаңға түсіреді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраудағы балық шаруашылығымен айналысатын кəсіпорындар енді тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге экспорттау үшін СТ-1 сертификатын тапсырулары қажет.

Бұл кəсіпкерлерді алаңдатып отыр. СТ-1 сертификатын алу үшін мекеме əр өнімді жөнелткен сайын 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төлеуі қажет. Сонымен қатар, уақыттан ұтылып қалады екен. Ал, мұны алмаған жағдайда кəсіпорындарға айыппұл салынатын болады.

Бұл – тауардың шығарылған немесе өнімнің өндірілген жері туралы құжат. Біз бұдан бөлек бірнеше құжатты жасақтаймыз. Енді СТ-1 құжатын алу да аз уақыт алмайды. Ал бұл, балық аулау маусымы басталып, жұмыстың қызған шағында дайын өнімдердің сапасына кері əсерін тигізері сөзсіз. Бұл тез бұзылатын балық өнімдері үшін қолайсыз. Біздің мекемемізде өндірілген балық жəне балық өнімдерінің Қазақстанда жасалғандығы туралы СТ kz сертификаттары бар. Сондықтан біз кəсіпкерлер палатасына Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қажет СТ-1 сертификатын алып тастау туралы ұсыныс жасаймыз, - дейді "Амангелді" ЖШС бас маманы Сара Санжарықова.
Атырау облыстық кəсіпкерлер палатасының өкілдері сертификатты алу жолын жеңілдету мəселесін қарастырып жатқандарын айтады.

Біз балық шаруашылығындағы бұл мəселемен хабардармыз. Атырау облыстық кəсіпкерлер палатасы осы мəселеге қатысты жиын өткізді. Бұл отырысқа біз кірістер департаментінің қызметкерлерін де шақырдық. Жан-жақты оң нəтиже шығару үшін жұмыс атқарып жатырмыз, - дейді "Атамекен" ҰКП Атырау облыстық филаилы директорының орынбасары Серік Сəрсекенов.
Жалпы Атырау облысы бойынша балық аулаумен айналысатын 20-ға жуық кооператив бар. Өткен жылы олар 8000 тоннадан астам балық өнімін шет елдерге экспорттаған.

Өзгелердің жаңалығы