Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды

25 Мамыр 2019, 15:38
2932
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының мектептерін 3327 оқушы тәмамдады. Оның 2 200-ге жуығы Ұлттық біріңғай тестілеу тапсырады. Ал Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары шетелдік белді оқу орындарына түсіп үлгерді.

Биылғы оқу жылында солтүстікқазақстандық Назарбаев Зияткерлік мектебі өз тарихында түлектердің екінші легін қияға қанат қақтырды. Бүгін 87 оқушы үшін күміс қоңырау соңғы рет соғылды. Мектеп бітірушілердің бір тобы Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Гонконг, Венгрия, Қытай, Ресей сынды тағы басқа шет мемлекеттердің таңдаулы білім ордаларына шақырту алған. Еліміздің маңдайалды оқу орнs саналатын Назарбаев университетіне түскендер де баршылық. Жастарды жаңаша өмірдің басталуымен СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.

Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды

«Құрметті түлектер, өздеріңіз үшін өмірлік шешім қабылдар сәт туындап тұр. Ол – келешек мамандықтарыңыз. Еліміздің жастарына барлық жағдай жасалғанын айтқым келеді. Қай оқу орнына барсаңыздар да, есігі ашық. Білім ордаларының қатарында ұлт мақтанышына айналып үлгерген Назарбаев университеті бар. Онда сапалы білім берілетінін нық сеніммен айтуға болады. Өзге мемлекеттердің жастары аталған жоғары оқу орнына қызыға қарайды. Өздеріңіз білім алған Назарбаев Зияткерлік мектебі де алдыңғы шепте. Ол – барлық білім ордалары үшін үлгі», - деді мектеп бітірушілерді құттықтаған Руслан Қанатханұлы.

Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды

Соңғы қоңырау мерекесінде барлық ақ тілектер мектепті тәмамдаушыларға арналды. Түлектердің жұптасып билеген вальсі мерекенің келбетін қыздыра түсті. Оқуда озат нәтиже көрсеткен оқушылар мен олардың ата-аналары марапатталды. Үздік шәкірттердің қатарында Айдын Тайшыбай да бар. Оған соңғы қоңырауды соғу мәртебесі бұйырды. Химия пәнінен өткен халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанған жас ғалым өз болашағын биомедициналық инженерия саласымен байланыстырғысы келеді.

Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды

«Мен Гонконг университетіне шақырту алдым. Бірақ онда бару жөнінде шешім қабылдаған жоқпын. Өйткені басқа оқу орындарына да құжат тапсырдым. Нәтижесін күтіп жүрмін. Болашақта еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бүгін бойымды толқу билеп жүргені рас. Өйткені алтын ұямызбен, ұстаздарымызбен, достарымызбен қоштасамыз», - деді ол.

Жаңа 2019-2020 оқы жылында Петропавлда жаңадан салынған 2 мектеп ашылмақ. Келер жылы тағы бір нысанның іргетасы қаланбақ.

Солтүстік Қазақстандағы 485 мектепте соңғы қоңырау соғылды

«Соңғы қоңырау мерекесі – әр түлек үшін ерекше сәт. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын! Сіздер жаңа белестерге қадам басқалы тұрсыздар. Еліміздің жарқын болашағы – өздеріңіздей жасампаз жастардың қолында. Алда тұрған сынақтардан сүрінбей өтіп, өздеріңіз армандаған белді оқу орындарының студенті атануларыңызға тілектеспін. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңізді еліміздің игілігі үшін пайдаланатындарыңызға сенімім мол», - деді түлектерді құттықтаған мектеп директоры Нұрғали Елшібеков.

Өзгелердің жаңалығы