«Спутник V» вакцинасын алған шетелдіктер Украинаға кіре алмайды

10 Маусым 2021, 17:27
2725
Бөлісу:
«Спутник V» вакцинасын алған шетелдіктер Украинаға кіре алмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Спутник V» коронавирусқа қарсы препаратымен вакцинациялану Украинаға кіруге құқық бермейді. Өйткені вакцина ДДСҰ тізіміне енгізілмеген.

Бұл туралы бейсенбіде елдің мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, РИА Новости хабарлады.

Бұған дейін Украинаның денсаулық сақтау министрлігі елде COVID-19-ға қарсы препарат ретінде ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданылмайтынын мәлімдеді.

Соңғы екі күнде «Спутник V» вакцинасымен иммундау туралы құжаттары бар шетелдіктердің Украинаның мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінен елге кіруге тырысып жатқаны хабарланды. Мұндай құжат Украинаға кіруге ешқандай құқық бермейді, өйткені бұл вакцина ДДСҰ тізіміне енгізілмеген, - делінген хабарламада.

Елдің Шекара қызметі Украинаға кіру үшін міндетті түрде коронавирустан сақтандыру полисінен басқа, шетелдіктер мемлекеттік шекарадан өткенге дейін 72 сағаттан аспайтын уақытта жасалған ПТР тестінің немесе жедел тесттің теріс нәтижесін көрсетуі керек. Немесе ДДСҰ-ның төтенше жағдайларда пайдалануға рұқсат етілген препараттар тізіміне енгізілген COVID-19 вакцинасының толық курсын алғанын растайтын құжаты болуы қажет. Бұдан бөлек иммундау туралы құжат ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған күйінде ұсынылуы тиіс.

Айта кетейік, ресейлік «Спутник V» вакцинасы жалпы халқы 3,4 миллиардтан асатын 67 елде мақұлданды. Мемлекеттік реттеушілер алған мақұлдаулар саны бойынша «Спутник V» әлемде екінші орын алады. Ал вакцинаның тиімділігі вакцинацияланған 3,8 млн ресейліктің деректерін талдау нәтижелері бойынша 97,6%-ды құрады. 

Өзгелердің жаңалығы