"Спорт залдары адам ұялатындай жағдайда". Сенатта ауылда спортты дамыту мәселесі айтылды

19 Қараша 2019, 12:36
6808
Бөлісу:
"Спорт залдары адам ұялатындай жағдайда". Сенатта ауылда спортты дамыту мәселесі айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында ауылдағы спортты дамыту мәселесі көтерілді. 

Ауылдық жерлердегі спортқа деген мемлекеттің көзқарасын білуге болады. Қазіргі жағдайда жергілікті атқарушы органдар спортқа өздері қаражат шығарып отыр. Оларда қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты ауылдық жерлерде спортқа деген көзқарас өте төмен деңгейде, жасыратыны жоқ. Қарапайым доп, волейбол ойнайтын торлары ғана бар. Кейбір ауылдық жерде спорт залдарының жағдайы адам ұялатындай. Осы мәселе қалай шешіледі? Ауылда, ауданда спортты дамытпай елімізде жақсы спортшылар шығады деу үлкен күмән тудырады, - деп сауалын жолдады ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.  

Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бұл мәселе бұқаралық спорт туралы заң жобасында көтеріледі деп сендірді.


Ауылдағы спорт жағдайын айтып өткен де дұрыс. Спортқа көбінесе ауылдың балалары барады. Ауылдарды аралап шыққанда құрал саймандардан доп пен секіргішті ғана көруге болады. Ауылдық округтерде жағдай өте қиын. Бұл мәселені бұқаралық спорт туралы заң жобасына кіргіземіз. Екіншіден, ауылда инструкторлар мен әдіскерлер жоқ. Қазір СҚО-дағы дене шынықтыруға дайындық бойынша балалар-жасөспірімдер клубында бір, жарты жалақы көлемінде БЖСМ жаттықтырушылары жұмыс істеп жатыр. Бұл сұрақты президент тапсырмасымен көтереміз, - деп жауап берді вице-министр.

Депутат Төреғалиев ауылда спортты дамытуға республикалық бюджеттен жеткілікті деңгейде қаржы қамтамасыз етілмесе бұл мәселе шешілмейтінін айта кетті. 

Қаражат жеткіліксіз болғандықтан спортқа мүлдем көңіл бөлінбейді. Сондықтан жыл сайын ауылда, ауданда спортты дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін отырыста спорт мектептеріндегі жаттықтырушылар 40 мың теңге жалақы алатыны да айтылған еді. Сонымен қатар, допингпен ұсталғандарды жазалау өзгертілетіні туралы, сондай-ақ, жыл басынан бері 37 допинг ережесін бұзу фактісі анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы