Спорт ротасына әскерге шақырылғандар Отан алдында адал болуға ант берді

14 Маусым 2021, 21:19
2913
Бөлісу:
Спорт ротасына әскерге шақырылғандар Отан алдында адал болуға ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Армиялық орталық спорт клубының спорт ротасын толықтырған сарбаздар салтанатты түрде әскери ант берді.

Спортшылар, ұлттық құрама командалардың мүшелері, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері әскери ант қабылдады.

Бұл салтанатты іс-шара әр ер азамат үшін маңызды және есте қаларлық сәт. Сіздер Отан алдында адал болуға ант беріп, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына кірдіңіздер. Орталық спорт клубының спорт ротасында қызмет атқару жауапты әрі құрметті іс. Сіздерге орталық спорт клубының әскери атағын абыроймен алып жүруді, спортта жеңістер мен жетістіктерге жетуді тілеймін, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы Айталап Құрғамбаев.

Спорт ротасының қатарын 24 спортшы толықтырды. Олардың қатарында 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 және 2021 жылдардағы Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Токиода өтетін Олимпиада ойындарының лицензия иегері, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділхан Аманқұл, халықаралық рейтингтегі турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, таэквондодан спорт шебері Айтуар Шәйкенов, 2020 жылғы халықаралық турнирдің жеңімпазы, республикалық жарыстардың үш дүркін чемпионы, бокстан ҚР спорт шебері Әділет Досымбеков бар.

Біз – олимпиада чемпиондары Дәулет Тұрлыханов, Анатолий Храпатый, Владимир Смирнов, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев сынды танымал әлем чемпиондарының дәстүрін жалғастырушымыз. Біз еліміздің Қарулы Күштерін Дүниежүзілік әскери ойындарда және басқа да жарыстарда лайықты деңгейде көрсетеміз деп ойлаймын, – деп атап өтті жас сарбаз Айтуар Шәйкенов.

Еске сала кетейік, Армиялық орталық спорт клубында жаттығуларға қажетті жағдай жасалған. Әскери спортшылармен мықты нұсқаушылар мен жаттықтырушылар айналысатын болады. Жаңадан әскер қатарына қосылған сарбаздар республикалық және халықаралық жарыстарда командалар құрамында Қарулы Күштердің намысын қорғайтын болады.

        


Өзгелердің жаңалығы