Сovid-19: Жағажайда жүргендер жаппай жазаға тартылады

20 Шілде 2020, 14:54
1998
Бөлісу:
Сovid-19: Жағажайда жүргендер жаппай жазаға тартылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аптап ыстықта демалушыларға карантиндік шаралар тосқауыл болар емес. Карантиндік шектеулерге қарамастан өткен тәулікте Бурабай жағажайларында демалушылардың саны толастамады. Тұрғындар денсаулығына алаңдаған эпидемиологтар "жабайы" жағажайларға арнайы блокбекеттер орнатуды ұсынып отыр.

Өткен аптаға дейін аптап ыстық тапжылмай тұрып алып, салқын жазда арқасының мұзы еріп, маңдайы жіпсімес арқа жұрты үшін бір қуаныш болған. Табандары жер басып, денелері су көріп үлгермей қалатын қысқа жаздары әлбетте естерінде ғой. Осы жайлылықты пайдаланып өзен-көлге лап қойды. Суға түсіп, күнге қыздырыну, жалаң аяқ жер басудың денсаулық үшін пайдасы мол. Көкшетаулықтар үшін "су" дегенде еске алдымен Бурабай түсері тағы рас. Әрі жақын, әрі көлеңкелі орман-тоғайы, аңызға айналған көз қуантар көріністері бар.

Алайда елде жарияланған карантин талабын бұзуға болмайды. Жазғы демалыс орындарына карантиндік шектеулер Сovid-19 вирусының таралмауы үшін жасалып отыр. Санитарлық мамандар курорт тұрғындары мен келушілерді Бас санитардың қаулысындағы талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Эпидемиологиялық талаптардың дұрыс сақталмауынан вирус жұқтырғандар саны арта береді. Алайда көпшілік санитарлық қызметті сынға алады. Облыстағы жағдай әлі де тұрақсыз. Бұған су қоймаларында демалушылар санының азаймауы да себеп болып отыр. Қауіпті ошақтар залалсыздандырылып, санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соған қарамастан көпшілік орындарға бармау жөніндегі өтінішімізге құлақ асып жатқандар шамалы. Көп адамдар өз денсаулықтарына ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіріп отырғандарын түсінбейтіні өкінішті. Осы себептен "жабайы" жағажайларға арнайы блокбекеттер орнатуды ұсынып отырмыз, - дейді облыстық бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Мобильдік топ құрамында облыстық туризм басқармасы, аудандық және поселкелік әкімдіктер, полиция жұмыс істеуде. Облыстың бас санитарының қаулысына қарамастан тыйым салынған жағажайларда демалушылар саны азаймай отыр. Бұған әлеуметтік желілерде жарияланған жүздеген фотолар дәлел бола алады.

Мониторингтік топ мамандары тұрғындарға жақын жердегі су қоймаларына шығуға тыйым салынғаны жайлы бірнеше рет ескертілгенін айтады.

Ең биік мінберден Үндеу тарап, барлық білікті мамандар білгендерін ортаға салып жатыр. Демек, ешкім "Білмедім, естімедім" дей алмайды. Сонда, нені білу керек? Қойылған талап – тазалық пен сақтық! Барыңша, шамаң жеткенше үйден шықпау. Санитарлық гигиена талаптарын сақтап, көпшілік абыр-сабыр болып жататын қоғамдық орындарға бармау. Талапты бұзғаның - жақсылық емес, жұртыңа жасаған жамандығың, қиянатың! Бұған дейін түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бірақ демалушылардың көбі карантиндік шараларға еш мән бермейді. Карантин талаптарын бұзғандарға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады, - дейді Уәлихан Ғабдуллин.
карта11.jpg

Мониторингтік топ тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыста арнайы профилактикалық рейдтер 18 мамырдан бері жүргізілуде. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған туристік нысандарда ғана суға түсуге рұқсат етіледі. Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты олар жабық. Жауапты тұлғалары, күзеті, құтқарушылары жоқ, бақылаусыз қоғамдық жағалауларда демалуға қатаң тыйым салынады.

Өңірде карантинге байланысты жағажайларға мониторингтк топтар тексеру жүргізуде. Жағдай облыс басшылығының айрықша бақылауына алынды. Осы уақытқа дейін облыс әкімдігі тек тыйым салумен ғана шектелді. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес жағалауда демалғандарға айыппұл салынады. Қаулыны бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 425 бабына сәйкес жазаланатынын тағы да ескертеміз, - дейді Уәлихан Ғабдуллин.

Өңірдегі карантиндік шаралар айрықша бақылауда. 200-ге жуық полицейлер «жабайы» жағажайларда арнайы рейд жүргізуде. Тексерудің алғашқы күнінде 200-ге жуық заң бұзушылық тіркелді.

Жағажайларда ығы-жығы халық. Бетперде жүзден бірде. Кейбір ата-аналар қорғансыз сәбилерін де ертіп жүр. Қарсы жолыққандардың дені маскасыз. Топ-тобымен дабырласып, ойнап-күліп бара жатқан жастар да солай. Шашылған, шіріген, ыбырсыған қалдықтан көзіңді қайда алып қашарға білмейсің. Ара қашықтық сақталмайды. Аттаған сайын қоқыс, біреулердің тамақ ішіп, тастап кеткен қалдықтары. Барлық жерде қоқыс үйінділері... Тазалықты сақтамағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 30 адамға қоршаған ортаны ластағаны үшін, 60 адамға қоғамдық орында ішімдік ішкені, тоқсан адамға белгіленбеген орында шомылғаны үшін айыппұл салынды. Бес күндік акция аясында су қоймалары, орман массивтері мен курортты аймақтардың тазалығы тексерілді, - дейді Ақмола облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Мұсаев.

Қоғамдық жағажайлардың жұмысы бас санитар дәрігердің қаулысымен 4 шілдеден бастап тоқтатылды. Заңнамаға және гигиеналық нормативтерге сәйкес талапты орындамаған жағдайды жеке тұлғаларға 30 АЕК, заңды тұлғаларға 230-дан 1600 АЕК дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынумен бірге жұмысы да тоқтатылады. Бұл шектеулер елімізде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жасалып отырған қадамдар.

                                

Өзгелердің жаңалығы